Облыс әкімінің «Ular» сыйлығы аймақ журналистеріне табысталды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні биыл ерекше жағдайда тойланды. Ерекшелігі сол — Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы тұңғыш рет аймағымыздағы журналистерге арналған «ŪLAR» сыйлығын табыстады. Салтанатты шара Жезқазған қаласындағы «Garden Hall» мейрамханасында өтті.
Мерекелік шараның шымылдығын облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөзімен ашты.
– Қоғамды демократияландыру, сананы серпілту, рухани жаңғыру, яғни, Мемлекет басшысы жариялаған «Әділетті Қазақстан» құру – газеттегі ойлы мақала, телерадиодағы – тағылымдық-танымдық бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Сіздер мен біз бірлесе атқаратын іс жеткілікті. Осы жолда әрқашан бір болайық, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Бұдан соң кезек марапаттау шараларына берілді. Әуелі аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, Жаңа Қазақстан құру ісіне сүбелі үлестерін қосып жүрген бірқатар қалам иелерін Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен, өңір басшысының Алғыс хатымен, Қазақстан Журна-листер Одағының Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы ақпарат министрінің салалық төсбелгілерімен марапаттады.
Келесі кезекте Облыс әкімінің «ŪLAR» сыйлығына үміткерлер анықталды. Байқау жеңімпаздары 13 номинация бойынша сарапқа түсті. «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» номинациясын «Ulytau» телеарнасының режиссері Гүлшахира Серекбаева жеңіп алды. Өз кезегінде облыс әкімінің «Ұлытау облысы журналистикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығын «Егемен Қазақстан» газетінің Ұлытау облысы бойынша меншікті тілшісі Абдолла Дастанов алды. Жеңімпаздарға бір миллион теңге көлемінде ақшалай сертификат пен «ŪLAR» мүсіншелері табысталды.
Осы салтанатта газетіміздің редакторы Асель Жетписбаева «ŪLAR» сыйлығын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыптағы үздік материал» номинациясымен ием-денсе, газетіміздің тілшісі Гауһар Наурызбаева Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Орайы келгенде айта кетейік, «ŪLAR» сыйлығын иемденген журналистерге арнайы Диплом мен 500 мың теңгелік сертификаттар қоса табысталды.
Жалпы, Ұлытау облысы әкімінің «ŪLAR» сыйлығы байқауы облысымызда алғаш рет өткізіліп отыр. Бұдан былай ол жыл сайын өткізілмек. Мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қызметін мемлекеттік қолдау және ынталандыру.

P.S. Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күнін Қаражал қаласының әкімдігі де ескерусіз қалдырған жоқ. Мереке қарсаңында қала әкімінің міндетін атқарушы Ақжол Құрмансейіт қаламыздың қалам ұстаған қауымын мәдени-сауық орталығында қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады. Газетіміздің корректоры Айгүл Байпелова мен тілші Мөлдір Омарованы Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Сондай-ақ, «AMANAT» партиясы қалалық филиалының ат­қарушы хатшысы Айгүл Мауленина «Қазыналы өңір» газетінің ұжымына «Алғыс хат» табыстады.