Облыс әкіміне ақ батасын берді

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен өңірдің ардақты ақсақалдарымен арнайы кездесу өткізіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Ашық пікір алмасу форматында өткен жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері және қоғам белсенділері қатысты.

Кездесуге Қаражал қаласының ақсақалдары да арнайы барып, қазыналы өңірдің өзекті мәселелерін облыс басшысының назарына жеткізді. Олар қала мен оған қарасты елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, жолдардың сапасы, тұрғын үй құрылысы, экологиялық ахуал және денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Жиын барысында облыс әкімі ақсақалдардың өмірлік тәжірибесі мен ел ішіндегі беделі өңірдің дамуына бағыт-бағдар беретін маңызды күш екенін атап өтті.

– Өңірдің жағдайын сіздерден артық білетін ешкім жоқ. Сондықтан, қандай мәселелер бар, бәрін ашық айтыңыздар. Сіздер көтерген мәселелердің ешқайсысы ескерусіз қалмайды. Мен мұнда Мемлекет басшысының Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру жөніндегі тапсырмасымен келдім.

Бар күш-жігерімді осы міндетті орындауға және ұлытаулықтардың болашаққа деген сенімін нығайтуға жұмсаймын, – деді Есет Берікұлы. Кездесу барысында ақсақалдар өңір тұрғындарын көптен бері толғандырып жүрген түйткілді мәселелерді кеңінен талқылады. Әсіресе, ауылдар мен елді мекендердің жол сапасын жақсарту, экологиялық жағдайды оңалту, тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелерге басымдық берілді. Қаражал қаласының ақсақалдары қазыналы өңірдің әлеуетін толық пайдалану, өндірістік қаланың тыныс-тіршілігін жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.

Облыс әкімі көтерілген мәселелердің барлығы жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралатынын айтып, олардың кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Жиын соңында Қаражал қаласының қадірлі ақсақалы Мешітбай Омаров сөз алып, өңір басшысына ақ тілегін арнап, бабалар жолымен ақ батасын берді. Ел ағасының ақжарма тілегі мен батасы кездесудің тағылымды қорытындысына айналып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Кездесу соңында қатысушылар билік пен қоғам арасындағы ашық диалогтың маңызын атап өтіп, өңірдің өркендеуі жолында бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

Ақсақалдардың ұсыныстары мен тұрғындардың талап-тілектері Ұлытау облысын дамытуға бағытталған алдағы жұмыстардың маңызды негізіне айналмақ.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ