Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жәйрем кентіне жұмыс сапарымен барды

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жәйрем кентіне жұмыс сапарымен барды. Әлеуметтік нысандарды аралап, ағымдағы жылы қолға алынған жұмыстардың орындалу барысын бақылады. Солардың бірі – кенттегі кәріз жүйесін қайта құрылымдау жұмыстары. Биыл басталған жобаның жалпы құны 1 млрд 867 млн теңге. Бұл қаржыға кенттегі 32 шақырымдық кәріз құбыры қайта құрылымдалып, тазарту қондырғысы және 6 сорғы станциясы салынады. Әзірге игерілген қаржы көлемі 100 млн теңге. Бүгінге дейін 4,5 шақырымдық құбыр жаңартылған. Облыс басшысы жаңа облыстың құрылу барысында жүзеге асырылатын ұйымдастыру шаралары жобаның орындалысына кесірін тигізбеуі керектігін айтты. Жоспар бойынша жұмыстар 2024 жылы аяқталуы тиіс. Өңір басшысы сонымен қатар 43 млн теңгеге абаттандырылып жатқан Металлургтер көшесінде атқарылған жұмыстармен танысты.