Бейсенбі күні облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ тұрғындарды жеке сауалдары бойынша қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарына құлақ түрді. Азаматтардың пікірлерін ой елегінен өткерген өңір басшысы кейбір мәселелерді жедел шешуді орынбасарлары мен жауапты мамандарға жүктеді.
Қабылдауда Жезқазған қаласының тұрғыны Игібай Шалов жеке басының емес, елдің қамымен жүргенін жеткізді. Ақсақалдың айтуынша, бүгінде «күріш арқасында су ішетін күрмектер» көбейіп кеткен. Яғни, ауылдағы шаруа қожалықтарының өнімін алыпсатарлар арзанға алып, екі-үш есе қымбатқа сатып жатыр. Делдалдарға тосқауыл қойып, тауар өндіруші өз өнімін тұтынушыға тікелей ұсынуы керек. Осы мақсатта ақсақал «Ұлытау кластері» жобасын жасапты.
– Бұл жобаны ауыл шаруашылығы министрлігіне де ұсындым. Олар қолдап отыр. Ұлытау, Жаңаарқада аудан әкімдерімен, шаруа қожалығы иелерімен сөйлесіп, жоба жайлы айттым. Олар да қызығушылық танытты. Жобаны қолға алып, кірісуге де әзір, – деді Игібай Шалұлы.
Ұсынысты мұқият тыңдаған аймақ басшысы бірінші орынбасары Аман Барекенов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Мутаевқа жобамен жете танысып, іске асыруға болатын тетіктерін негізге алуды тапсырды.
Ал, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің жұмыскері Бауыржан Тасембетов басшылар тарапынан қудаланып, жұмыссыз қалғанын жеткізді.
Ол Ресейдің Курган қаласында ота жасатқан әкесін алып қайту үшін өтініш жазып, ақысыз демалыс алған. Үш-төрт күн жол жүріп, әкесін алып келеді. Алайда, өтініште көрсеткен күндерден қате кетуі себепті, жұмыстан шығарылған.
Бұл мәселеге орай, облыс басшысы облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Кеңгірбай Смағұловқа істің ақ-қарасын анықтап, шешуді тапсырды.
Облыс әкімінің қабылдауына келгендердің арасында өңір басшысының жеке қабылдауын өтінгендер де болды. Олардың өтініштері қанағаттандырылады. Қабылдауға жазылғандардың енді бірі аймақ басшысына ақжарма тілегін айту үшін келгенін жеткізді.
Қабылдау емен-жарқын жағдайда өтті.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ