Өткен аптада Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов Жәйрем кентіне жұмыс сапарымен барып, мұндағы бірнеше маңызды нысандарды аралады.
Қаражалдан шалғайлау жатса да Жәйрем кентінің тыныс-тіршілігі қала әкімінің назарынан тыс қалған емес. Шаһар басшысы кенді кентте жиі болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды әркез бақылап отырады. Бұл жолы да осы мақсатта арнайы барған әкім кентті аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды көзімен көрді. Ол әуелі Металлург көшесіндегі қасбеті ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан № 37-үйге ат басын тіреді. Қазір мұнда жұмыс аяқталып келеді. Тұрғын үйдің келбеті де келісіп, қаланың көркіне сән беріп тұр.
Бұдан кейін қала басшысы кенттегі ауқымды жұмыстардың бірі – гараж құрылысын да көріп, тапсырыс берушілер мен мердігерлерге қажетті тапсырмалар жүктеді.
Жұмыс сапары қорытындысында Айқын Елеусізов Жәйрем кентінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын қадағалауды депутаттық корпус пен қаланың қоғамдық кеңесінің мүшелеріне тапсырды.
Қала әкімі Жәйрем кентіндегі жұмыс сапары барысында депутаттар мен тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Қабылдауға келген кент тұрғындары тұрғын үй және өзге де өзекті мәселелерді қозғады. Мәселелер егжей-тегжейлі қаралып, қолданыстағы заңнама аясында әрқайсысына түсініктемелер берілді. Сонымен қатар, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.