2025 жылы елімізде түрлі тарихи оқиғалар мен маңызды мерейтойлар кең көлемде аталып өтуде. Бұл атаулы жыл аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі салтанатты жиындар, мәдени және рухани шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – қаламызда өткен театрландырылған қойылымдар кеші болды. Әр ұжым өздерінің шығармашылық әлеуетін, өнерге деген құштарлығын көрсетіп, сахна төрінде ұлттық рух пен тарихи жадыны жаңғыртатын қойылымдарын ұсынды.
Кеш шымылдығын № 1 жалпы білім беретін мектеп ұжымы қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, данышпан хәкімі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған сахналық қойылыммен ашты. Абайдың рухани мұрасы – ұлттың жүрегінен терең орын алған, талай ұрпаққа бағыт-бағдар беретін мәңгілік қазына. Қойылым барысында оның терең ойлары, адамгершілік пен білімге үндеген өсиеттері көрерменді бей-жай қалдырмады.
Сахналық эстафетаны «Балбөбек» бөбекжай ұжымы жалғастырып, қазақтың ұлы композиторы, дирижері, күйші, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған көрініс қойды. Қойылым барысында Нұрғиса ағамыздың сырлы күйлері мен жүрек тербер әндері шырқалып, көрермен қауым ұлттық музыка әлеміне бойлады. Оның мұрасы – қазақ руханиятының алтын арқауы.
Өнер фестивалінің келесі қатысушысы – «Өркен-Атасу» ЖШС ұжымы болды. Олар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған қойылым ұсынып, ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігін сахна тілімен жеткізді. Қойылымда бейбітшілік пен азаттықтың, Отан алдындағы адал қызметтің құндылығы ерекше әсермен көрсетілді.
Сахнада жалғасқан рухани қойылымдардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Бұл мерейтойға арналған қойылымды қалалық кәсіпкерлер палатасының ұжымы ұсынды. Ұлтаралық татулық пен бірліктің символына айналған Ассамблеяның ел бірлігін нығайтудағы рөлі көріністің негізгі өзегіне айналды. Қойылым түрлі этнос өкілдерінің ынтымақта өмір сүруін, достығын бейнелеп, залда отырған жұртты бірлік идеясымен қанаттандырды.
Фестивальдің соңғы қойылымын Қаражал қалалық мәслихатының аппараты мен Қаражал қаласы әкімдігінің ұжымы ұсынды. Бұл көрініс еліміздің басты заңы – Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналды. 1995 жылы қабылданған Ата Заң – еліміздің тәуелсіздігін нығайтқан, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын, демократиялық дамудың негізі болып табылатын маңызды құжат. Қойылым барысында заңның мәні мен маңызын түсіндіретін көріністер қойылып, көрерменге терең ой салды.
Фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан қазылар алқасының құрамында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары, әділқазылар алқасының төрайымы Диана Оспанбекова, Шалғы кентінің әкімі Азамат Кәдірсізов, Қаражал қаласы ЮНЕСКО клубы «Балалар өнер мектебінің» директоры Ұлан Дүкенбаев, сондай-ақ аталмыш мектептің фортепиано сыныбының оқытушысы Жанар Орынбаева болды. Олар әр қойылымды жіті бақылап, мазмұны мен көркемдік сапасына әділ бағаларын берді.
Өкінішке орай, белгілі себептерге байланысты № 3 жалпы білім беретін мектеп ұжымы бұл жолғы фестивальге қатыса алмады. Дегенмен, қалған ұжымдар барынша белсенділік танытып, сахнада өз шеберліктерін жан-жақты көрсетті.
Бұл фестиваль – тек өнер сайысы емес, ол – еліміздің тарихына тағзым, мәдениетіне құрмет, болашағына сенім. Әр қойылым көрерменнің жүрегіне жол тауып, елдік сананы, бірлік пен бейбітшілікті дәріптеді. Осындай шаралар арқылы ұжымдар арасындағы ынтымақтастық артып, өнердің, руханияттың алтын көпірі орнады.
Айта кетерлігі, бұл кезеңдегі қойылымдар бойынша жинақталған ұпайлар келесі аптада өтетін Гала-концертте жария етіледі. Сол кезде жалпы қорытынды мен жеңімпаздар анықталып, үздік ұжымдар марапатталмақ.
Осы кешке атсалысқан барлық қатысушыларға, жанкүйер болып қолдау білдірген көрермендерге зор алғыс білдіреміз. Бұл – елдігімізді, мәдениетімізді ұлықтайтын мерекелік сәттердің бірі болды.