Тарихы терең, тамыры мықты қазақ халқының салт-дәстүрі – ұлттың рухани байлығы, мәңгі сарқылмас асыл қазынасы. Осы бір баға жетпес құндылықты жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық сана мен болмысқа деген құрметті қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Осы орайда Қаражал қаласының «Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ ұйымдастырған «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты ұлттық-этнографиялық сайыс – ата-бабадан жеткен асыл мұраны жаңғыртқан тағылымды шара болды. Жас отбасылар арасында өткен бұл байқау ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға, оны заманауи отбасылар өміріне енгізуге бағытталды.
Сайысқа бес жас отбасы: Жарулла, Аманжоловтар, Ұзақбаевтар, Сұлтан және Хамзиндер қатысып, өзара білім, өнер және ұлттық таным тұрғысынан сайысқа түсті. Әр отбасы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жөніндегі терең білімі мен шығармашылық қабілетін паш етті.
Шараға құрметті қонақтар мен әділқазылар алқасы ретінде Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Талғат Советов, Қаражал қаласының Құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омаров, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, аналар кеңесінің мүшесі Тлеухор Байшөкенова қатысты.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Өнер көрсету». Бұл кезеңде қатысушы отбасылар өздерін ұлттық болмысқа сай таныстырып, сахнада өнерлерін көрсетті. Ән мен күй, ұлттық нақыштағы би, көркем сөз оқу – барлығы қазақы рух пен отбасылық бірліктің жарқын көрінісі болды.
Екінші кезең – «Викториналық сұрақтар». Ұлттық салт-дәстүр, әдебиет, мәдениет және тарих төңірегінде дайындалған сұрақтар қатысушылардың білім көкжиегін байқатты. Әр отбасыға бес сұрақтан қойылып, дұрыс жауаптар үшін әділқазылар ұпай беріп отырды. Бұл бөлім қатысушылардың тек дәстүрді ғана емес, ел тарихын терең білетінін көрсетті.
Үшінші кезең – «Салт-дәстүр көрінісі». Бұл – сайыстың ең әсерлі, мазмұнды бөлігі болды. Отбасылар сахна төрінде «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Келін түсіру» сынды ұлттық салттарға арналған шағын қойылымдар қойып, халқымыздың өмір салтындағы ерекше дәстүрлерді көркем жеткізді. Әр көрініс – ата-бабалар аманатын сақтап, оны ұрпаққа жеткізудің үлгісіндей әсер етті.
Ұлтымызда «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген даналық сөз бар. Бұл сайыс – осы ұстанымның жарқын көрінісі болды. Қатысушылар ұлттың өткеніне құрметпен қарап, болашағына сеніммен қарау қажеттігін өз өнерімен дәлелдей түсті.
Қазылар алқасының шешімімен сайыс нәтижесі қорытындыланып, Бас жүлдені – Жарулла отбасы жеңіп алды.
І орын – Сұлтан отбасы,
ІІ орын – Аманжановтар отбасы,
ІІІ орын – Ұзақбаевтар отбасы иеленді.
Хамзиндер отбасы – қатысқаны үшін естелік сыйлықпен марапатталды.
Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан Алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді. Бұл – олардың еңбегіне деген құрмет пен ұлттық мұраға қосқан үлесіне берілген бағалы сый.
«Қазағымның дәстүрлері-ай» атты этнографиялық сайыс тек бір күндік мәдени шара ғана емес, ол – ұлт болмысын ұлықтаған, ата салтын ардақтаған, жастарды тәрбиелеудің заманауи форматына айналған өнегелі бастама болды.
Осындай игі шаралар арқылы қазақ халқының ұмытылмас салт-дәстүрі жас ұрпақ санасына сіңіп, рухани жаңғырудың нақты қадамына айналатыны сөзсіз.
Бетті әзірлеген: Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.