Өндірісте шамамен жарты ғасыр экскаватор машинисі болып еңбек етіп, бірде-бір рет не еңбек тәртібін, не қауіпсіздік техникасы талаптарын бұзбай, әскери тәртіппен адал еңбек еткен Мұратбек Барысұлы (Борисович) МҰХАМЕДБАЕВ салалық «Кенші даңқы» төсбелгісінің 3 дүркін иегері. Ол кісі 1958 жылы 22 тамызда Жаңаарқа ауданы, Құлжал кентінде дүниеге келген.
Кейіннен 1968 жылға дейін Қаражал қаласының жанындағы Бестөбеде тұрып, сол жылы геологиялық барлау ұйымы тарқағаннан кейін, ата-анасы Жәйрем кентіне көшіп келіп, әкесі Барыс Кәрібайұлы Мұхамедбаев Жәйрем геологиялық барлау экспедициясына электрик болып жұмысқа орналасады. Геологиялық барлау жұмыстары тоқтап, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ ашылған тұста, аталған комбинаттың тау-кен көліктер цехына электрик болып жұмысқа орналасады. Сол жерден зейнетке шығады.
Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері болып отырған Мұратбек Барысұлы – ата-анасының тұңғышы. Ескі Жәйремдегі №11 мектепті 1976 жылы тәмамдап, сол жылы Балқаш қаласындағы тау-кен техникалық училищесінің экскаватор машинисі мамандығына оқуға түседі. Жәйрем комбинатында өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенде әскерге алынып, Чехословакия еліне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Екі жыл әскерде болып, 1976 жылы елге оралған соң өзінің оқып кеткен оқу орнына барып, емтихан тапсырып, қолына нан табар қағазын алып, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-на гидравликалық экскаватор машинисі болып жұмысқа орналасады. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт бір орында тапжылмастан еңбек етіп, 2021 жылы зейнетке шығады. Қазіргі таңда зейнеткер болса да, Жәйрем комбинатының мердігер ұйымы «Демстрой» ЖШС-да қызмет етіп жүр. Өзінен кейінгі бауырлары, Айтбек Мұхамедбаев комбинаттың жөндеу механикалық базасында слесарь болып еңбек етеді, келіні Салиман – Ескі Жәйремдегі №11 мектепте ұлағатты ұстаз. Қарындасы Жұмакүл Мұхамедбаева – «Горкомхоз» ЖШС есепші, оның жолдасы Қабыкен Алин комбинаттың қосалқы көліктер цехында көп жылдық тәжірибесі бар, білікті жүргізуші. Екінші қарындасы Рима Мұхамедбаева – Арқалық қаласында тұрмыста. Әулеттің кенжесі Сәтбек Мұхамедбаев – комбинатта техникалық күтіп қарау және жөндеу жұмыстары басқармасында газбен электрмен дәнекерлеуші.
Өндіріске жап- жас болып келген Мұратбек ағаны тау-кен көліктерінің қыр-сырына үйреткен, тәлімгерлері Виктор Фурсов, Болат Түсіпбеков, Әбдіманап Смаилов болса, Мұратбек ағадан үйреніп, сол кісінің тәлімгерлігін көрген Өмірхан Накупов, Қамар Шотанов, Қанат Зәрубаев, Жанбота Алин және тағы да басқа жігіттер – қазіргі таңда комбинаттың бетке ұстар еңбеккерлері.
Өз ісінің білікті маманы, экскаватордың қыр-сырын жатқа білетін, тау-кен саласын «шемішкеше шағатын» Мұратбек Барысұлын білетін халықтың аузында «комбинатты сонау тоқырау кезінде қарыздан құтқарып, несиесін жапқан осы Мұратбектер» деген жақсы бір естелік әңгіме бар.
Атқарған адал еңбегіне, жарты ғасыр бойы төккен теріне комбинат басшыларынан алған алғысы аз емес. Мұратбек ағаның кеудесіндегі салалық «Кенші даңқы» 3 төсбелгісімен қатар «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісі бар, одан бөлек Кеңес Үкіметі тұсындағы Түрлі-түсті металлургия министрлігінің Құрмет грамотасын, Қазақстан Республикасы Түрлі-түсті металлургия министрлігінің Құрмет грамотасын алған. Еңбекқор ағаның өндірістегі адал еңбегіне қарай алған қыруар марапаттарынан бөлек, өміріндегі ең маңызды үлкен марапат – халқы елеп, жұрты сыйлап берген «Қаражал қаласының құрметті азаматы» атағы.
Мұратбек Барысұлы – еңбек етіп жүргенінде өзіне жүктелген міндеттемелерден бөлек комбинаттың қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысқан жан. Шамамен 20 жыл бойы комбинаттың Кәсіподақ ұйымында цехком болып, 2002 жылы Астана қаласында өткен Халықаралық еңбеккерлер съезіне Қарағанды облысы атынан делегат болып қатысады. Жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы көптеген шаруаларға араласып, туындаған мәселелердің әділ және жұмыскер мүддесіне қарай шешілуіне көп еңбек сіңірген тұлға.
Міне, біздің комбинатта осындай озат жандар бар.
Мұратбек аға – аяулы жар, асқар тау әке, кішкентай үш немеренің сүйікті атасы. Кентіміздегі үлкен сыйлы әулет Алиндар отбасының үлкен жезделері. Өмірлік жары Рахат Молдақанқызы Алина да комбинат жүйесінде еңбек еткен. Қызы Гүлназ – үйде бала күтімінде, күйеу баласы Ерден Қырғызбаев «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ полиметалл байыту фабрикасының көпірлі кран машинисі.
Өзінің бауырмал, мейірімді қасиетімен көпке сыйлы, айналасымен тез тіл табысатын осы бір азаматқа қарап, өзіміз бір демалып қаламыз. Зейнеткер болса да, әлі күнге дейін 25 жастағы жігітше қимылы шапшаң, орысша, қазақшаға сауатты, өте көңілді жан.
Алла осындай өмірге құштар жанға ұзақ ғұмыр берсін! Өндірістегі, күнделікті өмірдегі мәртебесі балалары мен бауырларына жұғысты болсын!
Әңгімеміздің соңында Мұратбек Барысұлын жуырда ғана өткен Металлургтер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.