Қарапайымдылық пен табандылықты ту еткен, адал еңбекті өмірінің мәніне айналдырған жандар болады. Солардың бірі – «Өркен-Атасу» Өкілдігінің жүргізушісі Жұмабек Дүйсембаев. Оның өмір жолы – маңдай термен келген абыройдың, жауапкершілік пен адамгершіліктің айқын үлгісі.
1968 жылдың қазан айында Жезқазған облысы, Қаражал қаласына қарасты Ақтай ауылында дүниеге келген Жұмабек аға көпбалалы, қарапайым отбасында өсіп, еңбекке ерте араласты. Отбасындағы ортаншы бала ретінде бала күнінен-ақ жауапкершілікті сезініп, тіршіліктің мәнін еңбекпен ұштастыра білді.
Бүгінде ол қаламыздағы ірі өндіріс ошақтарының бірі – «Өркен-Атасу» Өкілдігі тау-кен шахтасының автотранспорт цехында КамАЗ жүргізушісі болып еңбек етіп келеді. Бұл мамандықты таңдау – кездейсоқ емес. Әке жолын жалғап, сол кісінің өнегесін бойына сіңірген Жұмабек аға үшін жүргізушілік – жай ғана кәсіп емес, өмірлік жол.
Оның рөлге алғаш отырған сәті жастық шағымен тұспа-тұс келеді. Қаражал қаласындағы ДОСААФ автомектебін небәрі 18 жасында тәмамдап, көп ұзамай Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскерде де жүргізуші болып, тәжірибесін шыңдай түседі.
Содан бері, міне, 30–35 жыл бойы бір салада табан аудармай еңбек етіп келеді. Бұл – кез келген адамға бұйыра бермейтін тұрақтылық пен төзімнің белгісі.
Көпшілік үшін жүргізуші мамандығы жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда, Жұмабек Төлеубайұлының айтуынша, бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі кәсіп.
– Жүргізушінің қолында тек руль ғана емес, адам тағдыры тұрады, – дейді ол.
Расында да, жол үстінде әр секунд маңызды, әр шешім – өмірге әсер етеді. Сондықтан да, ол әр сапарына үлкен жауапкершілікпен қарап, өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындауға тырысады.
Жұмыс күні әрқилы өтсе де, басты қағида – тәртіп пен уақыт. Берілген тапсырманы уақытылы әрі сапалы орындау – оның бұлжымас ұстанымы. Осындай адал еңбегінің арқасында әріптестері арасында сыйлы, басшылық алдында сенімді маман ретінде танылған.
Еңбек жолындағы жетістіктері елеусіз қалған жоқ. 2025 жылы Жұмабек Төлеубайұлы «Еңбек үздігі» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек те қаншама марапат жетерлік. Бұл – жылдар бойғы маңдай тердің, тынымсыз еңбектің әділ бағасы.
Жұмыс пен отбасы – бір-бірімен сабақтас ұғым. Жұмабек аға бұл тұрғыда да үлгілі жан. Отбасын құрғанына 36 жыл болған ол жары Өрік ханыммен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірді. Жұбайы орталық ауруханада медбике болып еңбек етеді. Бүгінде олар немере-жиендерінің қызығын көріп отырған бақытты ата-әже.
Балалары да әке жолынан тәлім алған. Үлкен ұлы Қарағанды қаласындағы әскери бөлімде қызмет етеді. Екінші ұлы – өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі. Қызы қалалық сот бөлімінде қызмет атқарып, қазіргі уақытта бала күтімімен демалыста. Кіші ұлы мектеп қабырғасында білім алып жүр. Бұл – тәрбиенің, еңбектің және отбасы құндылығының жемісі.
Жұмабек аға жастарға әрдайым ақылын айтып отырады. Оның өмірлік ұстанымы қарапайым әрі мәнді: «Адам өз мамандығын дұрыс таңдап, оны шын жүректен сүйе білуі керек. Сонда ғана еңбектің нәтижесі болады».
Сонымен қатар, ол жол қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, «Жол қателікті кешірмейді» деген сөзді үнемі еске салады.
Бүгінгі қоғамда осындай еңбек адамдарының орны ерекше. Олар – елдің тірегі, өндірістің қозғаушы күші, ұрпаққа үлгі болатын тұлғалар. Жұмабек Төлеубайұлының өмір жолы – адал еңбектің адамды биікке жетелейтінінің нақты дәлелі.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ
