«…Нағыз қазақ – домбыра!»

Домбыра – қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – ұлт өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дəстүр шеңберінде жыр-толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған аспап кейін күй жанрының шығуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке əнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылады.

XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Түрлі ескерткіштерге, этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра жəне өзге халықтардың осы тектес аспаптары, тіпті, сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Əбу Насыр əл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз. Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет əл-Хусейнидің «Музыкалық канон» трактатында ауызға алынды. Оның əу бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Осындай аспап аттарының ұқсастығы олардың түпкі шығу тегі бір екенін көрсетсе керек.

Өткен жүз жылдықта ұлы композиторы Құрманғазымен бірге Дəулеткерей, Тəттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұрттың сүйіктісіне айналған еді. Олар бармағынан бал тамған майталман домбырашы болумен қатар, ғажап күйлер тудырған шын мəніндегі өнер иелері-тін. Сол саңлақтардың арқасында домбырамен тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетіле түскенді. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едəуір өрге басып, кемелдене түсті.

Қазақстанда 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі домбыра күні ретінде тойланып келеді. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі десек болады. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Əлі жырлағандай, домбыра қазақтың төл аспабы ғана емес, əлем тамсанған асыл қазынамыз. Оны қадірлеп, асқақтату, əсіресе, өскелең ұрпақ пен елімізді мекендейтінөзге де ұлт өкілдеріне жете танытып, келер ұрпаққа жеткізу – қастерлі борышымыз.

* * *

Биылғы атаулы мереке аясында Қаражал қалалықмəдени-сауық орталығының ұжымы, қаладағы өнер мектебінің оқытушылары мен шəкірттерінің қатысуыментағылымды əрі тартымды іс-шара өткізілді.Ұлттық аспапты дəріптегеншырайлы шараға белсене атсалысқан қалалық жастар ресурстық орталығының мамандарына, «Жасыл Ел» жасағы сарбаздарына ел ықыласы ерекше болғанын айта кеткен жөн.

Балшырын АМАНТАЙ