Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары биыл да жалғасын табатын болады. Әсіресе, құрылысы өткен жылы басталған кәріз желілерін ауыстыру және жөндеу қала әкімінің қатаң бақылауында.
Аптаның басында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов Жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта құру бойынша кеңес өткізді. Кеңеске аталған жұмысты атқарып жатқан мердігер ұйым – «НЦТ» ЖШС өкілдері қатысты. Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі таратқан ақпаратқа қарағанда Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің кәріз желілері өткен ғасырдың 70-жылдарында салынған, осыған байланысты олардың тозуы шамамен 80 процентті құрайды. Ұзақ пайдалану кезеңінде кәріз желілері коррозиямен және жасыл желектердің тамырларымен зақымдалған. Салдарынан желілер жиі апатқа ұшырайды. Сөйтіп, желілердің тұрақты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізуде.
Қазір осы оралымсыздықтарды жою бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтқанда, «Жәйрем кентінің кәріз желілерін реконструкциялау» жобасы аясында 6 кәріз сорғы станциясын реконструкциялау, өнімділігі тәулігіне 803,37 текше метрлік модульдік кәріз тазарту құрылыстарын орнату көзделген. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 34,14 шақырым кәріз желілері жаңғыртылмақ.
Кеңес барысында проблемалық учаскелерге тексеру жүргізілді. Кейбір көшелерде құбырларды төсеу техникасын өзгерту туралы шешім қабылданды. Мердігер ұйымға жұмыс кестесін ұстану, жобаға өзгерістер енгізуді келісу тапсырылды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ