Мектеп асханасы: сапа, тәртіп, талап

Еліміздің барлық білім беру орындарында оқу жылының басында оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуын ұйымдастыру туралы бұйрық шығарылады. Мұнда тегін ыстық тамақ алуға құқығы бар оқушылардың тізімдік құрамы бекітіледі.

Алайда, мектеп асханасында берілетін тамақтың сапасына қатысты дау-дамайдың туып жататыны да жасырын емес. Мұндай жағдай Қаражал қаласында да орын алды. Жуырда қала әкімі Айқын Елеусізов қалалық білім бөлімінің басшысы Тлеш Аштаевтың, № 5 жалпы білім беретін мектептің директоры Бақтыбала Байзақованың және ата-аналар комитетінің қатысуымен № 5 мектеп оқушылары ата-аналарының тамақтану мәселесіне орай айтқан шағымдарын қарау бойынша кеңес өткізді.
Мектепте тамақтандыруды ұйымдастыру бала денсаулығын, оның дене және ақыл-ой дамуына оң ықпал ететін болуы қажет. Дұрыс ұйымдастырылған тамақтандыру оқушылардың денсаулығын сақтауға көмектесетіні сөзсіз. Кеңесте осы мәселеге баса назар аударылды.
Жалпы, білім беру мекемесінің асхана бөлмелерінің материалдық базасы барлық нормаларға сай болуы керек. Сондай-ақ, қызмет көрсетудің жаңа озық формаларын дамыту және тамақтану мәдениетін жоғарылату ең басты талаптардың бірі. Мұның сыртында тамақтанудың санитарлық-гигиеналық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең бірінші кезекте тұрады. Кеңеске қатысушылар осы аталған сапа мен тәртіпті айта келіп, ата-аналар тарапынан туындап отырған талап та осы тұрғыда екенін тілге тиек етті.
Кеңес қорытындысы бойынша қала басшысы сала мамандары мен басшыларға балалардың тамақтануын бақылауға алу туралы тапсырмалар берді. Мектеп асханасында тамақ дайындап отырған «Черкасова» жеке кәсіпкерлігімен 6 ақпаннан бастап шартты ұзарту туралы шешім қабылданды. Ағымдағы жылдың 9 ақпанынан бастап мектеп оқушыларына ыстық тамақ ұйымдастырылатын болды.