Қоғам дамыған сайын мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап та биіктей түседі. Бүгінде бұл сала тек кәсіби біліммен ғана шектелмейді, ол ең алдымен сенім мен жауапкершіліктің таразысы.
Өйткені, мемлекеттік қызметші — халық пен биліктің арасындағы алтын көпір, ел мүддесінің күнделікті орындалуын қамтамасыз ететін негізгі тұлға. Сондықтан, адалдық — бұл қызметтің басты қағидасы ғана емес, оның рухани өзегі.
Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, мемлекеттік қызметтің шынайы мәнін ісімен дәлелдеп жүрген жандардың бірі — «Жәйрем кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде ұйымдастыру мәселелері, құжаттамамен қамтамасыз ету және әлеуметтік сала бойынша бөлімнің бас маманы, қазіргі таңда әлеуметтік сала бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жамила Сұлтанова.
Қарапайым ортадан шығып, еңбек пен білімді өмірлік бағдар еткен Жамила Сүлейменқызы үшін мемлекеттік қызмет — жай ғана жұмыс емес, ол халыққа қызмет етудің жауапты миссиясы.
Оның бойындағы тиянақтылық, сабырлық пен әділдік, ұстамдылық — күнделікті қызмет барысында айқын көрініс табатын басты ерекшеліктер.
Қоғамның ең нәзік әрі маңызды бөлігі болып саналатын әлеуметтік салада әрбір шешім адамның тағдырына, тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан, бұл бағытта қызмет атқару тек кәсіби біліктілікті ғана емес, терең жанашырлықты, үлкен адамгершілікті талап етеді.
Жамила Сүлейменқызы осы жауапкершілікті терең сезіне отырып, әр азаматтың мәселесіне бейжай қарамайды. Халықпен жұмыс жасауда ол алдымен тыңдай білуді, түсінуді, содан кейін нақты көмек көрсетуді басты қағида ретінде ұстанады.
Оның еңбек жолы әртүрлі қызметтерден өтіп, тәжірибемен шыңдалған кезеңдерден құралады. Қызметінің әр сатысы жаңа жауапкершілік, жаңа талап. Сол міндеттердің барлығын абыроймен атқару арқылы ол бүгінгі деңгейіне жетіп отыр.
Құжатпен жұмыс, статистикалық деректер, әлеуметтік мәселелер – мұның бәрі оның кәсіби ой-өрісін кеңейтіп, жан-жақты маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Жамила Сүлейменқызының тағы бір ерекшелігі — үздіксіз даму мен өзін жетілдіруге деген ұмтылыс. Қазіргі мемлекеттік қызметкер заман талабына сай болуы үшін тек тәжірибемен шектелмей, білімін үнемі толықтырып отыруы қажет.
Осы қағиданы берік ұстанған ол қаржы саласындағы білімін құқықтық біліммен толықтырып, қызметінде заңдылық пен әділдікті басты орынға қояды. Бұл оның шешім қабылдаудағы салмақтылығы мен кәсіби ұстанымының беріктігін көрсетеді.
Ұжымда оны байсалды мінезі, ашықтығы және жауапкершілігі үшін бағалайды. Әріптестері оны сенімді серіктес, қиын сәтте бағыт беретін тәжірибелі маман ретінде таниды.
Ал жәйремдіктер үшін ол халық мәселесіне бейжай қарамайтын, нақты көмек көрсетуге дайын мемлекеттік қызметші.
Бүгінгі күні бөлім жұмысына жетекшілік ете отырып, Жамила Сүлейменқызы әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде тиімді жүзеге асуына өз үлесін қосып келеді.
Оның қызметіндегі басты ұстаным – «әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұрады» деген қарапайым, бірақ, терең мағыналы қағида.
Қазіргі қоғам дәл осындай адал, жауапты әрі білікті мемлекеттік қызметшілерге зәру. Себебі, елдің дамуы тек бағдарламалар мен жоспарларда емес, соларды жүзеге асыратын адамдардың кәсібилігі мен ниетіне байланысты.
Ал Жамила Сүлейменқызы сияқты өз ісіне берілген, халықтың сенімін ақтап жүрген мамандар сол сенімнің нақты көрінісі.
Билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуға міндетті мемлекеттік қызмет жолында адалдықты ту етіп, жауапкершілікті серік еткен жандар ғана шынайы нәтижеге жете алады.
Жамила Сүлейменқызы осы қағиданың өмірдегі нақты дәлелі. Оның еңбегі елге қызмет етудің, адамға жанашырлық танытудың жарқын үлгісі.
Біз бүгінгі кейіпкерімізді келе жатқан кәсіби мерекесі — Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Еңбекте толағай табыс, асқақ абырой тілейміз.
Теректі ШАҒАТАЙ
