Мейірімділік пен жастар белсенділігі ұштасқан форум

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Адам бойындағы мейірім мен жанашырлық қоғамды біріктіретін ең асыл қасиеттердің бірі. Осы құндылықтарды жастар арасында насихаттау мақсатында өткен аптада Қаражал қаласы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мейірімділік – жан шуағы» тақырыбында жастар форумы өтті.

Форум жастардың басын қосып қана қоймай, олардың шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін тағылымды алаңға айналды. Ауқымды іс-шараға қала әкімі Айқын Елеусізов, спикерлер, қала жастары, еріктілер қозғалысының белсенділері, ұстаздар мен түрлі сала мамандары қатысты.

Форум барысында қала басшысы Айқын Елеусізов жастарға арнаған жүрекжарды лебізін білдіре отырып, былай деді:

– Волонтерлік – ол жай ғана көңіл білдіру емес, ол адамға деген құрмет, елге деген жанашырлық, қоғамға деген сүйіспеншілік. Қаражал қаласының жастары әрдайым қайырымдылық шараларда, экологиялық акцияларда, қоғамдық бастамаларда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Сіздердің адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз қаламыздың дамуына үлкен үлес қосып отыр.

Форумның маңызды бөлігінің бірі – марапаттау рәсімі болды. Қала әкімі Айқын Қылышұлы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастар арасында қайырымдылық пен мейірімділікті насихаттап жүрген белсенділерді Алғыс хаттармен, арнайы бағалы сыйлықтармен және 50 мыңдық ақшалай сертификаттармен марапаттады.

Атап айтсақ, Бекжан Бейбітұлы, Арман Мұрат, Іңкәр Отыншина, Назира Нұрбек, Жанель Марат, Іңкәр Айдынқызы, Еркеназ Біржан, Айару Жолдасова, Нұрислам Құрманов, Ақерке Құдыш, Алдияр Иманғазин, Евгений Комаров, Жәнібек Мейіржан, Алмас Сайлаубаев, Ұлықбек Балкенов, Ұлан Мейіржан, Абдулла Нұрлан болды.

Бұл жастар еңбегіне көрсетілген құрмет пен олардың алдағы жұмыстарына берілген үлкен қолдау.

Форум аясында түрлі салада жетістікке жеткен спикерлер жастармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында «Ақсұңқар» оқу орталығының директоры, қолөнер бұйымдарының дизайнері және хэйрстилист Қарлығаш Байболсынқызы, №7 жалпы білім беретін мектептің ұстазы әрі қаламыздың танымал ағаш ұстасы Құрмет Ибрахимұлы және «Дара» брендінің негізін қалаушы жас кәсіпкер, тігінші Дарайым Қуатқызы болды.

Спикерлер өздерінің еңбек жолдарын, жетістікке жету құпиялары мен кәсіби тәжірибелері туралы әңгімелеп, жастарға мотивациялық кеңестер берді.

Сонымен қатар, қатысушыларға арналған шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, онда әр мамандықтың қыр-сыры мен даму мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды.

Форум барысында ұйымдастырылған ойындар мен тренингтер қатысушылардың белсенділігін арттырып, олардың бір-бірімен жақын араласуына ықпал етті. Жастар көтеріңкі көңіл-күймен форумға қатысып, соңында естелік суреттерге түсті.

«Мейірімділік – жан шуағы» форумы жастардың бойындағы жауапкершілік, белсенділік және қоғамға деген жанашырлық қасиеттерін нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара ретінде есте қалды.

Осындай кездесулер өскелең ұрпақтың жаңа белестерді бағындыруына жол ашып, олардың туған қаласының өркендеуіне үлес қосуына серпін беретіні анық.

Ақбота САЖИНОВА,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ II курс студенті.