Адам баласы үшін денсаулық – ең үлкен байлық. Ал сол байлықты сақтап, оны қорғауға бар күш-жігерін арнайтын абзал жандар – ақ халатты дәрігерлер. Олар – күн-түн демей, ауырған жанның жанынан табылатын, ем іздегенге үміт сыйлап, шипа дарытатын ерекше мамандық иелері. Аурудың үлкен-кішісі жоқ, ол ескертпей келеді. Ондай сәттерде ең бірінші болып көмек қолын созатын – осы ақ халатты абзал жандар.
Қаламызда да ел алғысына бөленіп, халықтың шынайы ықыласына ие болып жүрген медицина қызметкерлері аз емес. Солардың бірі – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, кәсібіне деген сүйіспеншілігімен ерекшеленетін Қаражал қалалық орталық ауруханасының учаскелік медбикесі әрі психолог маманы – Әйгерім Нұржанқызы Жылқыбаева. Әйгерім Нұржанқызы – Шет ауданының тумасы. Дегенмен, ол 5 жасынан бастап Қаражал қаласында өсіп-өніп, осы өңірдің нағыз түлегіне айналды. Қаламыздағы қара шаңырақ, білім ордаларының бірі – № 1 жалпы білім беретін мектепті тәмамдап, бала күнгі арманы жетелеп медициналық салаға бет бұрады.
Алдымен Қарағанды мемлекеттік медицина колледжіне оқуға түсіп, осы саланың қыр-сырын меңгереді. Алайда білімге деген құштарлығы мұнымен шектелмейді. Кейіннен Қарағанды мемлекеттік университетінің психология факультетін аяқтап, қос мамандықты қатар алып жүреді. Бұл – оның тек кәсіби біліктілігінің ғана емес, өз ісіне жан-тәнімен берілгендігінің көрінісі.
Еңбек жолын Балқаш қалалық орталық ауруханасының реанимация бөлімінде бастаған Әйгерім Нұржанқызы шын мәнінде бұл мамандықтың ауырлығын да, жауапкершілігін де сол кезден сезінеді. Қазіргі таңда 2008 жылдан бастап Қаражал қалалық орталық ауруханасында қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол бірнеше түрлі қызметтерді атқарып, бүгінде учаскелік медбике және психолог маманы ретінде тұрғындарға медициналық әрі психологиялық қолдау көрсетуде.
Медбикенің жұмысы тек ине салу немесе дәрі беру ғана емес. Бұл – ауыр хәлдегі адамның жүрегіне үміт ұялату, жанын жұбату, тіпті, жылы сөзбен емдеу. Әйгерім Нұржанқызының әр науқаспен тіл табыса білетін қабілеті, әрқайсысына жеке көңіл бөле білуі – оның адамгершілік болмысынан, мейірімді жүрегінен нәр алады.
– Өз мамандығыңды шын жүрекпен жақсы көрген соң, оның қиындығы да, ауырлығы да білінбейді. Тіпті, еңбекақы мәселесіне де бас қатырмайсың. Себебі, бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Біз бар ықыласымызбен жұмысқа жан-тәнімізді саламыз, – дейді кейіпкеріміз.
Жұмыста өз ісіне адал мейірбике болса, үйде – аяулы жар, ардақты ана. Әйгерім Нұржанқызы – үш перзенттің қамқор анасы, сүйікті жар. Жолдасы Марат мырза да – еңбекқор азамат. Қаламыздың ірі өндіріс орындарының бірі – «Өркен-Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің автокөлік цехында бірнеше жылдан бері тұрақты жұмыс жасап келеді. Бұл отбасы – өзара түсіністік пен сыйластықтың, еңбек пен жауапкершіліктің үлгісі.
Медицина – ең қиын әрі ең қажетті мамандықтардың бірі. Бұл мамандық тек кәсіби білімді ғана емес, үлкен жүректі, адамға деген сүйіспеншілікті талап етеді. Әйгерім Жылқыбаеваның еңбек жолындағы 17 жылдан астам уақыт – науқастарға көрсеткен жан жылуы мен адал қызметтің шынайы айғағы.
Әйгерім Нұржанқызы – тек кәсіби маман ғана емес, рухани бай, жан-жақты тұлға. Ол – медицина мен психологияны ұштастыра отырып, науқасқа тек дене емес, жан саулығы да керектігін дәлелдеп жүрген бірегей маман. Өзге адамның денсаулығы үшін еңбек етіп, ыстық ықыласы мен аялы алақанын ұсына білетін ақ халаттылардың еңбегі ерен. Үзілгелі тұрған үмітті қайта жалғайтын, тіпті, кейде ажалдан арашалап, екінші өмір сыйлайтын ақ халаттылар қандай құрметке де лайық. Қоғамға қажетті, үлкен жауапкершілікті талап ететін осынау мамандық иелеріне құрмет әрдайым биік болмақ.