Медицина саласында — жаңа технологиялар

Облыс орталығында тұңғыш рет күрделі ота жасалды. Қатерлі ісікке жасалған алғашқы ота сәтті өтті.  Бұл жаңа облыста бұрын-соңды болмаған жаңалық.

Бүйрек обырына шалдыққан науқастың жарасы ағзаға зиян келмейтіндей аз инвазивті әдіспен алынып тасталды. Күрделі операция  Ұлттық  ғылыми онкология орталығының онколог-хирургі Талғат Құрмановтың жетекшілігімен жасалды.  Бұл облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен ұлттық ғылыми орталық арасында жасалған әріптестік шеңберінде жүзеге асты. Осылайша Ұлытау өңірі медицинасы 2024 жылды оң жаңалықпен бастады…

– Қазақстанда бұндай отаны жасап жатқанына 5 жылдай болды. Қазір Ұлттық онкология орталығында қолға алынып жатыр. Алла қаласа келешекте Ұлытау облысында да бұл тәжірибе кеңінен қолданылатын болады, — дейді онколог жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Болашақта жезқазғандық дә­рігерлер аталған орталықта тағы­лымдамадан өтіп, күрделі дертке шалдыққандарға өздері ота жасайтын болады.

Орайы келгенде айта кетейік, өңірде қатерлі ауруға шалдығушылар саны азаяр емес. Қаңтар айы басталғалы осындай диагноз анықталған 13 адам тіркелген.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.