Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Жәйрем кен байыту комбинатында 18 жыл көлік жүргізген Айбек Серікұлын әмбебап шопыр деп әспеттесек әсте жарасымды. Өйткені ол көлік талғамайды. Басшылар қай көлікке отыр дейді, соны жатырқамай жүргізіп кете береді. Мұның бәрі оған әрине, әкесі Серік Жантілеуовтен дарыған десек болады.
Тамыз айының алғашқы жексенбісі елімізде көлік қызметкерлерінің күні болып бекітілген. Осы кәсіби мереке қарсаңында біз жүргізушілерді іздеп жатамыз ғой. Жәйрем комбинаты кәсіподак ұйымы төрағасының орынбасары ГауҺар Наурызбаеваға телефон шалғанымызда: — Біздің кәсіпорында егіз жігіт шопыр болып жұмыс істейді. Екеуі де ел аузында жүрген азаматтар, — деп еді. Солармен сұхбаттасудың сәті түсті.
Егіздердің «үлкені» Айбек екен. Ол Нұрбектен жеті минут бұрын дүниеге келіпті. Әңгімені де сол бастады.
– Әкем Серік өмір бойы шопыр болған кісі. Осы комбинаттың автобазасында «КрАЗ» да, «КамАЗ» да жүргізді. Біз баламыз. Әкем үйге көлігімен келгенде машинасына мініп алатынбыз. «Мен де әкем сияқты осындай дәәу мәшине жүргізсем ғой» деп армандайтынмын.
Асылы, арман алдамайды деген рас па деймін. Менің сол бала арманым есейе келгенде жолбасшым болды. Мектепте оқып жүргенде сабақтан кейін шопырлар оқытатын курсқа жазылдым. Сабақтан қалмай жүріп оқып, жүргізуші куәлігін алдым, – дейді Арман өзінің балалық шағы жайлы әңгімелей келіп.
Алайда, Айбектің еңбек жолы жүк тиеушіден басталды. Мектеп бітірген соң ол әкесінің қасында, комбинатта еңбек етуді қалады. Ал, сыңары Нұрбек Қарағанды қаласындағы университеттің тау-кен факультетіне оқуға түсті.
Өмірдің жолы бұралаң болып келетін әдеті ғой. Қыста әкесі Серік өмірден өтті. Арада жарты жылдай уақыт өткенде автобаза басшылары Айбекті жұмысқа шақырды. Осылайша оның жүргізушілік еңбек жолы басталды. «КамАЗ» көлігіне отырып кен тасуға кірісті.
– Жұмысымыз «Жомарт» кенішінен кен тасу. Ондағы ұнтақталған кенді қос тіркемеге тиеп алып Жәйремдегі байыту фабрикасына жеткіземіз. Ара қашықтық 25 шақырым. Күніне 4 рейс жасауымыз керек. Алғашқы кездерде қиын болды. Кейін үйреніп алдық. Аға буын жүргізушілер ақыл-кеңестерін айтып, білмегенімізді үйретті, – дейді Айбек әңгіме арнасын өзінің еңбек жолына қарай бұрып.
Бұл екі арада Нұрбек те жоғары оқу орнын бітіріп келді. Қолында күректей дипломы бар оны комбинаттың кен маманы болар деп күткен. Алайда, Нұрбек те сыңарына еріп, әке жолын қуады. Ол да техника тұғырына отырып, кен тасып, абыройлы еңбек етті.
– Екеуі де алғыр жігіт. Өздеріне жүктелген істі әркез абыроймен орындап, көпке үлгі болып жүр. Олардың еңбектерін комбинат басшылығы да ескерусіз қалдырып жатқан жоқ, – дейді кәсіподақ төрағасының орынбасары Гауһар Насритдинқызы бізбен әңгімесінде. – Қайсы екенін дөп басып айта алмаймын. Биыл Алик пе, Нурик пе біреуі Құрмет гарамотасын алды, – дейді ол.
– Алик, Нуригіңіз кім? – дейміз біз түсінбей.
– А, иә, сіздер білмейді екенсіздер ғой. Жәйремдіктер бұл екі азаматты еркелетіп осылай атайды, – деді Гауһар мән жайды түсіндіріп.
Ұзын сөздің қысқасы, біздің ұққанымыз егіз жігіттің есімдері ел аузында жүреді екен. Оларды елге құрметті етіп отырған нәрсе – еңбектері. 18 жылдан бері көлік жүргізіп келе жатқан Алик-Айбек өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып келеді. Басшылар қай көлікке отыр десе соны ұршықша үйіріп әкетеді. Бірде кен тасыса, енді бірде автобуспен жұмыскерлерді діттеген жерге жеткізіп тастайды. Комбинаттың қосалқы салаларына қажетті бөлшек саймандарды да тасыған кездері болды. Бір сөзбен айтқанда – әмбебап шопыр.
– Нурик-Нұрбек неге өз мамандығымен жұмыс істемеді? – деп сұрадық әңгіме арасында.
– Соны біз де айттық. «Мына жұмысқа төселіп алдым. Кейін сәті келгенде тау-кен мамандығын да игерермін» деп отыр. Өзі біледі ғой. Өз отбасы, өз ақылшысы бар, – деді Айбек.
«Отбасы» дегеннен шығады, екеуі де үйленіп, үйлі-баранды болған. Бір-біріне ақылшы, демеуші болып келеді. Олардың алар асулары, шығар биіктері әлі алда.
Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.