Марғұлан Шамбұлов: «Әке — өмірдің шамшырағы»

Әке – отбасының тірегі, балаға бағыт берер тұтқа, өмірге бейімдер ұстаз. Қазақ қоғамында әкенің орны қашанда ерекше болған. Әке – үйдің иесі, бала тәрбиесінің негізін қалаушы, ұрпаққа рухани мұра қалдырар тұлға. Кез келген бала өмір жолында әкенің қолдауына, ақыл-кеңесіне, үлгі-өнегесіне зәру. Әкенің әрбір ісі, сөзі, ұстанымы баланың санасында терең із қалдырады. Сондықтан да, ұрпақ тәрбиесінде әкенің рөлі өлшеусіз.

Осы орайда, біз Әкелер күні қарсаңында қалалық мәслихат депутаты, бірнеше жыл бойы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген, отбасында өнегелі әке ретінде танылған Марлан Шамбұловпен сұхбаттасқан едік.

– Марлан мырза, ең алдымен сізді Әкелер күнімен құттықтаймыз. Бұл мерекенің маңыздылығы туралы пікіріңізді білгіміз келеді.

– Рақмет. Бұл күннің мәні терең. Себебі, әке – отбасының қорғаны, бала үшін – өмірлік бағыт беруші тұлға. Әкелер күні – отбасындағы ер азаматтардың жауапкершілігін арттырып, қоғамда отбасы институтының маңызын дәріптейтін ерекше күн. Мұндай мерекелер жастарға үлгі боларлық отбасы моделін көрсетудің бір жолы деп білемін.

– Сізді көпшілік тек депутат ретінде емес, үлгілі отбасы иесі ретінде де таниды. Әке ретіндегі жауапкершілігіңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Әке болу – үлкен мәртебе. Ол тек баланы асырау емес, ең әуелі оны тұлға ретінде қалыптастыру. Менің төрт балам бар. Екеуі ұл, екеуі қыз. Осылардан 11 немере сүйіп отырмын. Үлкенім – Азамат, инженер-энергетик, ортаншысы — қыздарым Гаухар мен Мақпал. Олар – экономист, бухгалтерлер. Кенжеміз – Әділет. Ол инженер-металлург, қолымызда тұрады. Қазіргі күні Жәйрем түсті металл байыту фабрикасының бас инженері болып қызмет етеді. Келініміз – Жәния жергілікті ауруханада терапевт-дәрігер. Отбасымызда әрқашан ашық әңгімелесуге, пікір алмасуға, бір-бірімізді тыңдауға баса мән береміз. Әке ретінде мен өз балаларыма ең алдымен адал болуды, еңбекке бейім болуды үйретуге тырыстым. Өз ісіңмен үлгі болу – нағыз тәрбие.

– Қоғамдағы отбасы моделіне көзқарасыңыз қандай? Нағыз берекелі отбасының негізі неде деп ойлайсыз?

– Біздің дәстүрімізде отбасы – қасиетті ұғым. Ол сенім мен сыйластыққа, өзара түсіністікке негізделуі тиіс. Ер мен әйел – бір-бірін толықтыратын серіктестер. Әке – тәртіп пен тәрбие көзі, ал ана – жылулық пен мейірім иесі. Осы үйлесім сақталған отбасы – қандай қиындық болса да жеңіп шыға алады. Қазір қоғамда түрлі пікірлер айтылып жатыр, бірақ, ұлттық болмысымызға сай дәстүрлі отбасы үлгісін сақтау – өте маңызды.

– Сіз бала тәрбиесінде қандай қағидаларды ұстанасыз?

– Балаға бірден ақыл үйретіп, бұйыру емес, алдымен сенім мен үлгі арқылы бағыт беру керек. Баламнан ешқашан тек «оқы» деп талап еткен емеспін. Оның орнына «не істесең де, шын ниетіңмен, адал еңбекпен жаса» деп үйреттім. Сонда ол өзі жол табады. Балаға еркіндік беріп, сонымен қатар, жауапкершілік жүктеу – тәрбиенің негізгі тұғыры.

– Әкелердің бала тәрбиесіндегі белсенділігі туралы не айтасыз?

– Бұл өте маңызды мәселе. Өкінішке қарай, кейбір отбасында әке тек табыс табушы ретінде ғана қабылданып кеткен. Ал шын мәнінде бала өмірінде әкенің рөлі айрықша. Әкеден көрген тәрбие – ұрпақтың өмір бойғы рухани байлығы. Сондықтан, әрбір әке бала тәрбиесіне белсенді араласып, уақытының бір бөлігін тек жұмыспен емес, отбасымен өткізуі керек.

– Барша оқырман қауымға, ер азаматтарға тілек-лебізіңізді білдірсеңіз.

– Барша әкелерді осы бір ерекше күнмен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасының шаңырағы биік, керегесі кең болсын. Балаларыңыздың қуанышын, табысын көріп, немере сүйіп, ұрпағыңыздың абыройына бөлене беріңіздер. Әке болу – жүрекпен сезінетін, ақылмен атқарылатын ұлы жауапкершілік. Сол жауапты жолда әрбірімізге Алла күш-қуат берсін!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ