Mаңызы зор саяси науқан

2026 жылғы 23 тамызда елімізде жаңа Конституция негізінде Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы ұйымдастырылады. Бұл – мемлекетіміздің жоғары өкілді билік органының жаңа жүйесін құратын маңызы зор саяси науқан.

Реформаның жаңа моделіне сәйкес, бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына жалпы саны 145 депутаттан құралған бір палаталы Құрылтай жұмысын бастайды. Халық қалаулылары партиялық тізім арқылы 5 жылдық мерзімге сайланып, заң шығару ісіне және мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға атсалысады.

«Құрылтай» атауының түп төркіні халқымыздың ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан мемлекеттік дәстүрімен тығыз байланысты. Ежелде ел басына күн туғанда немесе маңызды мәселе туындағанда ата-бабаларымыз құрылтай жинап, ортақ шешім шығарған. Бүгінгі жаңа Құрылтай сол көне дәстүр мен тарихи сабақтастықты заманауи үлгіде жаңғыртуды көздейді.

Алдағы сайлау – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды саяси реформалардың кезекті маңызды белесі. Бұл өзгерістердің басты мұраты – заң шығару тетіктерін жетілдіру, өкілді биліктің әсерлі жұмыс істеуін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың елді басқару ісіне белсенді түрде қатысуына кең жол ашу.