Мәңгілік Елдің мұраты

Қазақстан халқының бірлігі күні – Тәуелсіз ел тарихындағы ерекше күннің бірі әрі бірегейі. Өйткені, ол – бірлік пен достықтың шынайы көрінісі. Барша қауымның жүрегінен орын алған осы мерейлі мерекені Қазақстан халқы ерекше көңіл күймен атап өтеді.

Шынымен де, баршамызды айрандай ұйыған біртұтас ел ететін маңызды фактор – бірлік. Елдегі ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтудың бірден-бір жолы – осы. Бірімізді біріміз бауырымызға тартып, ынтымағымызды нығайта білсек, қарапайым адам үшін одан үлкен ізгілік жоқ. Атаулы күннің басты мақсаты да сол – өскелең ұрпақты бауырмалдық пен достықты қадірлеуге қалыптастыру.

Сондықтан бұл мерекенің маңызы – зор, тарихы – терең. Сонау тоқсаныншы жылдары көптеген этнос өкілдері өздерінің тарихи Отандарына жаппай кете бастағанда, өз таңдауымен бізбен бірге қалғандар қатары аз емес. Осы отандастарымыз өздерінің және ұрпақтарының болашағын бізбен бірге байланыстырды. Яғни қызықты да, қиындықты да бірге бөлісті, бірге көтерісті. Соның шынайы көрінісі «Қасіретті қаңтарда» жарияланған төтенше жағдай кезінде бірден аңғарылды. Бәріміз бір адамдай тәртіпке бағындық. Ел іргесіне келген індеттің кең тарап кетуіне жол бермей, ұйымдаса білдік. Яғни, бірлік пен өзара түсіністіктің арқасында біз өзіміздің ұйысқан ел екендігімізді көрсеттік. Сол қаралы күндерде тағдыр табыстырған бауырларымыз шеттеп қалмады. Ел ішінде тыныштықтың жедел орнауына атсалысты. Тауқымет тартқан жандарға демеу бола білді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басып отырғанын, соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде екенін айта келіп, «Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы.

Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз», деп атап көрсетті. Бұл – Мәңгілік Елдің мұраты.

Біз – осы уақытқа дейін өзіміздің ауызбіршілігімізді сан мәрте айғақтаған халықпыз. Ендеше, алдағы уақытта ынтымағымызды бұрынғыдан да нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру жолында «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол» шығара еңбек етуді, сол арқылы елдің ертеңін кемелдендіре түсуді қастерлі парыз ретінде қабылдауға тиіспіз.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ