Мәдениет үйінің құрылысы халық қалаулыларының бақылауында

«AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен партия филиалы жанындағы «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі аймақтық кеңестің бірлескен көшпелі отырысы өтті.

Көшпелі отырыс барысында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2023–2027 жылдарға арналған Ұлытау облысының Жол картасы аясында Жезқазған қалалық Халықтар достығы және мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына партиялық бақылау жүргізілді.Іс-шараға Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ержан Тоқымбаев, «Miras» кеңесінің төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Досхан Сәкен және кеңес мүшелері қатысып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мердігер компания өкілдерінің есебін тыңдады.

Сондай-ақ Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Берік Әбен мәдениет нысанында бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылып, мердігермен жалпы құны 1 030 млн теңгені құрайтын өтпелі келісімшарт жасалған.

Күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін 2025 жылға жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінді. Ал 2026 жылға жергілікті бюджеттен 730 млн теңге қаражат қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін Халықтар достығы мен мәдениеті үйінің ғимаратында күрделі жөндеу аясында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, демонтаж және сылақ жұмыстары жүргізіліп, едендерге бетон құйылды. Сонымен қатар электр жүйелері жаңартылып, ғимараттың терезелері мен жылу радиаторлары ауыстырылды. Су желілері, жылу және кәріз жүйелері тартылып, ауа алмасу (желдеткіш) жүйесі орнатылды. Ғимараттың жөндеу жұмыстары жаз маусымына дейін аяқталады деп жоспарлануда.