«Қазақмыс» тобының өндірістік нысандарын аралау аясында Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған мыс балқыту зауыты мен KAZKAT зауытында болды.
Өңір басшысы мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәліні Kazakhyms Smelting компаниясының бас директоры Жәнібек Байғабелов пен Жезқазған мыс балқыту зауытының директоры Саят Атен қарсы алды.
Жезқазған мыс балқыту зауытында делегация Балқыту цехы мен Мыс электролиз цехын аралап, қара мыс пен катодты мыс өндірудің негізгі технологиялық кезеңдерімен танысты. Сондай-ақ KAZKAT зауытында мыс сымтемірін (катанка) өндіру үдерісі көрсетілді.
Жұмыс сапары барысында металлургия өндірісін дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ «Қазақмыс» тобы мен Ұлытау облысы әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

