_– Бүгін Қаражал қаласында республикалық референдум қалай өтіп жатыр? Жалпы жағдай туралы айтып өтсеңіз._*
– Бүгін Қаражал қаласы бойынша республикалық референдум штаттық режимде өтуде. Жалпы қала аумағында 14 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр: оның ішінде 7 учаске Қаражал қаласында, 6 учаске Жәйрем кентінде және 1 учаске Шалғы кентінде орналасқан. Барлық учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген, комиссия мүшелері өз міндеттерін заң талаптарына сәйкес атқаруда.
*_– Дауыс беру уақыты қалай ұйымдастырылды?_*
– Негізінен барлық референдум учаскелері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар, 6 референдум учаскесі сағат 06:00-ден бастап өз жұмысын бастады. Бұл ерте жұмысқа баратын азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндік жасау мақсатында ұйымдастырылды.
*_– Қазіргі уақытта дауыс беру процесі қалай өтіп жатыр?_*
– Қазіргі уақытта дауыс беру процесі қалыпты жағдайда өтуде. Азаматтар учаскеге келіп, жеке куәлігін көрсетіп, тізім бойынша тіркеледі. Одан кейін бюллетень алып, арнайы кабинада өз таңдауларын жасап, жәшікке салады. Дауыс беру құпия түрде және заң талаптарына сай жүргізілуде.
*_– Бақылаушылардың қатысуы қалай қамтамасыз етілген?_*
– Учаскелерде қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен бақылаушылар қатысып отыр. Бұл дауыс беру процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
*_– Қаражал қаласының тұрғындарына қандай үндеу айтасыз?_*
– Референдум – еліміздің болашағына қатысты маңызды саяси науқан. Сондықтан барлық қала тұрғындарын белсенділік танытып, өз учаскелеріне келіп, дауыс беруге шақырамыз. Әр азаматтың дауысы маңызды. Еліміздің болашағына бейжай қарамай, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын.
