Ұлытау облысында репродуктологтардың қабылдауы өтеді

17 және 23 қаңтарда облыс орталығы Жезқазғанда және Сәтбаев қаласында еліміздің алдынғы қатарлы клиникаларының репродуктологтары бедеулік мәселесі бойынша қабылдау жүргізеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен  «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы шеңберінде  экстра корпоральды ұрықтандыру  МӘМС бойынша тегін жүргізіледі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ЭКҰ бағдарламаларын қаржыландыруды жүргізеді. ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Мамандар пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде емхананың бейінді маманының қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркеліп, рәсімге дайындала бастайды. Пациент экстра корпоралдық ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. Жеткізушілер тізімімен Қор сайтында танысуға болады (https://fms.kz/kz/useful-to-know/vybrat-kliniku/)», — деп түсіндірді ӘМСҚ облыстық филиалының директоры Алибек Бердыбеков.

Естеріңізге сала кетсек, репродуктологтардың қабылдауы 17 қаңтарда Жезқазған қаласы Ғ.Омаров көшесі 25 А (қалалық емхана) және Сәтбаев қаласы Абай көшесі 5 үй, 404 кабинет (қалалық емхана) мекенжайы бойынша өтеді. 23 қаңтарда Жезқазған қаласы Ғ.Омаров көшесі 25 А (қалалық емхана) мекенжайы бойынша сағат 11:00-ден бастап дәрігер қабылдайды.

Қабылдау кезек бойынша жүзеге асырылады.

Жезқазған қалалық емханасының дәрігері Валентина Гребенюктің айтуынша,  ЭКҰ бағдарламасы бойынша 2022 жылы 8 әйел аман есен баласын бауырына басса, тағы 2-уі қазір жүкітілік кезеңінде. Сәтбаев қалалық емханасында дәрігер Майра Мұқажанқызының  көмегімен 2021 жылдан бері 71 әйел бедеулік бойынша есепке алынып, оның 15-і әйел ЭКҰ көмегімен жүкті болды.