Қаражал-Жезқазған бағытында автобус жүргізу сараптаудан өтуде

«Қаңтар айының 10-нан бастап Қаражал мен Жезқазған қалаларының арасында автобус қатынасы болады екен. Бірақ, бағасы тым қымбат» деген жазбалар әлеуметтік желілерде желдей есе бастады…

Осы мәселенің анық-қанығын біліп, оқырмандарға жеткізу мақсатында біз Ұлытау обылысының жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Жомарт Бегаевқа хабарласқан едік.

– Иә, 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 бұйрығымен бекітілген «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасына» (әрі қарай – Қағида) сәйкес ағымдағы жылдың 6 қаңтар күні «Қарлыбай А.Қ.» жеке кәсіпкер тарапынан «Қаражал – Жезқазған» бағытында автобус маршрутын ашу туралы өтінім берілді.

Бірақ, бұл мәселенің ел түсінбей отырған тұстары бар сияқты. Осы жайлы толық, әрі түсінікті жеткізуге тырысайын.

Қазір аталмыш бағыттағы автобус коммерциялық негізде, яғни өз қаражаты есебінде жүреді. «Жезқазған – Қаражал» бағыты бойынша билет құнының 3500 теңге болып отырғаны да сондықтан. Өйткені, бағаны тасымалдаушы өзі белгілеп отыр.

Жоғарыда аталған қағиданың 18 тармағына сәйкес, тасымалдаушы «Қаражал-Жезқазған» бағыты бойынша 10 қаңтардан бастап 2 ай мерзімге жолаушылар тасымалымен айналысады және 10-20 қаңтар арасында жолаушылар көлемін анықтау үшін жұмыстар жүргізіледі. Егер, аталған бағытта жолаушылар көлемі жеткілікті болып, автобус екі ортада бос жүрмейтін болса, шығын өзін ақтайтындығы анықталса Ұлытау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автобусты жүргізу туралы шешім қабылдайды.

Автобус маршрутын ашу туралы шешім қабылданған жағдайда, 2023 жылдың 20 қаңтар күні тасымалдаушыны анықтауға конкурс беріледі (конкурстың өту уақыты 30-45 күн). Конкурс аяқталғаннан кейін көрсетілген тарифке және жүру кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін, – дейді Жомар Сәбитұлы.

Орайы келгенде айта кетейік, қазір «Қаражал-Жезқазған» бағыты бойынша «Хюндай Каунтри» маркалы шағын автобус жүріп жүр. Онымен қоса «ПАЗ-32053» автобусы да сапарға шықты.

Жүру кестесі, күнделікті: Қаражал қаласынан 7:00; Жезқазған қаласынан 18:00 (Жезқазған қ. сапаржайы) жүреді.

Автобус маршруты – Теректі, Түйемойнақ, Түгіскен (Жеңіс), Жәйрем елді мекендері арқылы өтеді.