Ұлытау облысының коммуналдық инфрақұрылымын дамыту және елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында Жәйрем кенті мен Ұлытау ауданына жаңа арнайы техника мен еуроконтейнерлер өтеусіз берілді.
Атап айтқанда, әрқайсысының құны 56,2 млн теңге болатын HOWO маркалы заманауи қоқыс тасымалдаушы автокөліктері және жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын 100 дана еуроконтейнер табысталды.
Бұл игі бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен жүзеге асырылды. Жоба өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді жинау мен тасымалдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ елді мекендердің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған.
Сонымен қатар, ынтымақтастық аясында Жаңаарқа ауданының Байдалы би ауылдық округіне қарасты Атасу ауылындағы мәдениет үйіне 52,2 млн теңге көлемінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауыл тұрғындарының мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуына қолайлы жағдай жасалып, мәдениет ошағының материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

