«Ұлытау — мысты өлке: зерттеу, мүзейлендіру мәселелері»

Өткен аптаның соңында Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде осындай тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл шара қоғам және мәдениет қайраткері, Ұлытау ауданының, Түркістан қаласының құрметті азаматы, Қазақстанда музей ісін дамытуға ерекше үлес қосқан тұлға, тау-кен және металл қорыту өнеріне арналған музейдің іргесін қалаған қайраткер Мәкен Төрегелдиннің 100 жылдығына орайластырылды.

Айшықты шараға Ұлытау облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мұрындық болды. Ал, шараға шетелдерден де тарихшылар мен өлкетанушылар келді. Конференцияның ашылу салтанатында мемлекет және қоғам қайраткері Мұханбет Көпей, Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар және мәдениет қайраткері, ҚР мемлекеттік қызмет үздігі Базарбай Алтаев сөз алып, алыс-жақыннан жиналған меймандарға қош келдіңіздер айтып, сәттілік тіледі. Тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ деканы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Өмірбай Бекмағанбетов модератор болып, іс-шараны бастап берді.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының вице-президенті (Алматы) Досмұрат Айтқұлов «Қазақстанда инженерлік ғылымды дамыту, насихаттауға М.Төрегелдиннің қосқан үлесі», Ұлттық зерттеу кеңесі Мәдени мұра ғылымдары институтының профессоры, Қазақстанға келген археологиялық экспедицияның директоры, археолог, Ph.D докторы Боноро Жан Лука (Милан, Италия) «Об анализах шлаков металлургического комплекса Талдысай Центрального Казахстана», Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы Әбділмәлік Тәкішев «ХХІ ғасыр – технологиялар дәуірінде политехникалық білімінің әлеуеттілігі», Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігі Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Антонина Ермолаева (Алматы) «Поселение Талдысай в системе горно-металлургических центров Евразии», «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Зубайда Сұрағанова (Алматы) «Магия металла и кузнечный культ в культуре казахов», геолог, өлкетанушы, марганец кенішінің 1970-1997 жж. бас геологы Болат Жүгініс (Астана) «Жезді өлке – сирек металдар қоймасы», «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ардагері, ғылыми қызметкер, ҚР мәдениет қайраткері Рахия Жүзбаева (Түркістан) «Ұлытау мен Түркістан – рухани жаңғырудың алтын тамыры», археометаллург, техника ғылымдарының кандидаты, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің доценті Жұман Аманжолов (Теміртау) «Реконструкция печей древней металлургии на поселениях Атасу и Алат» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының мүше-корреспонденті, Ресей географиялық қоғамының мүшесі, антрополог, туризм инструкторы, көшпелі мәдениет музейінің директоры Константин Куксиннің (Мәскеу, Ресей) баяндамасын жұртшылық онлайн форматта тыңдады.
Конференцияда Мәкен Төрегелдиннің музей және туризм ісіндегі қызметі туралы кеңінен сөз болды. Тарихшылар Ұлытаудағы ежелгі металлургиялық кешендерді зерттеудің маңызы мен жаңа әдістері жайында пікірлер қозғады. Оның әлі де зерттелмей жатқан қырларының көп екендігін алға тартып, мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталды.
Ұлытау – тарихи, қасиетті мекен, облыс аумағында 300-ден аса тарихи және мәдени ескерткіштер мен ұлттық маңызға ие 35 Сакралды нысан бар. Әттегенайы, музей саны аймақ бойынша барлығы үшеу. Конференцияда осы мәселенің өзектілігі, жаңа музей ашу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту жолы қарастырылды.
Іс-шара барысында Мәкен Төрегелдин көзі тірісінде алып үлгермеген «ҚР Құрметті инженері» төсбелгісі оның туғандарына тапсырылды. Пленарлық мәжілістен кейін болған пікір алмасуда Астанадан келген Ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының академигі Кәкімжан Сарханов сөз сөйледі.
Конференцияның секциялық жұмыстары Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихи музейінде жалғасын тапты. Секциялық жұмыстар барысында музейде интерактивтік саяхат жасалды.

Ізбасар ОЙБАС.