Ұлық мереке, ұлттық дәстүр және берекелі бірлік

Құрбан айт — күллі мұсылман үмбеті үшін ізгілік пен берекенің, ауызбіршілік пен шынайы мейірімділіктің ұлы мерекесі. Жүректерге иман ұялатып, бауырластық сезімді асқақтататын бұл қасиетті күн биыл Қаражал қаласында ерекше сән-салтанатпен, кең көлемде атап өтілді.

Таң шапағымен басталған ұлық мейрам қала тұрғындарына рухани серпіліс пен ұмытылмас қуаныш сыйлады. Қаражалдықтар үшін айттың таңы сауапты амалдармен атып, қалалық мешітте жамағаттың қатысуымен Айт намазы оқылды, елдің тыныштығы мен берекесі үшін қасиетті дұғалар жасалды.

Мерекелік шараның шымылдығын ашқан қалалық мешіттің бас имамы Талғат Советов барша жамағатты қасиетті мейраммен жылы құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Бас имам өз сөзінде Құрбан айттың мұсылман қауымы үшін маңыздылығына ерекше тоқталып, бұл күннің қоғамдағы ауызбіршілікті арттырып, мейірімділік пен қайырымдылықты нығайтудағы орны бөлек екенін атап өтті және ел игілігі үшін ақ батасын берді.

Қаланың ардақты ардагерлері мен ақсақалдары да жастарға тағылымды өсиеттерін айтып, ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді. Намаздан соң мешітке жиналған қауымға кеңінен ақ дастарқан жайылып, ыстық «Айт шайы» ұсынылды.

Осыдан кейін мерекенің ең қызықты және белсенді бөлімі — мәдени-спорттық іс-шаралардың шымылдығы түрілді. Айт аясында ұйымдастырылған ұлттық спорттық жарыстар қала тұрғындарының делебесін қоздырып, нағыз тартысты, қызу сәттерге ұласты.

Мергендік пен төзімділікті, көз ілместікті талап ететін садақ ату сайысы көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Қолы мертікпес сұрмергендер арасынан суырылып шығып, І орынды Ерғұлан Сембек, ІІ орынды Насим Уқотов, ал ІІІ орынды Арман Камзин қанжығасына байлады.

Ұлттық құндылығымызды ұлықтаған асық ату ойынында да нағыз жүйріктер мен ептілер анықталды. Сақасы алшысынан түскен шеберлер арасында І орынды Рымғажы аға, ІІ орынды Нұртілеу, ІІІ орынды Тәттібай аға иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бірлік пен топтық намысты алға қойған, жігіттердің күшін сынайтын арқан тартыс сайысы да өте тартысты өтті. Қаржылай жүлделерді өзара бөліскен ұжымдар арасында мықтылығымен көзге түсіп, І орынды «Арлан» тобы, ІІ орынды «Сабыр» тобы, ал ІІІ орынды «Жастар құрамасы» иемденді.

Мерекенің ең қызған және жанкүйерлердің ерекше қолдауына ие болған думанды сәті — бас жүлдесіне қошқар тігілген қошқар көтеру сайысы болды. Бұл сын белдесуінде нағыз білек күшін, төзімділік пен қайраттылықты көрсетіп, қошқарды тапжылмай 90 рет көтерген Қайрат Хамзин жарыстың абсолютті чемпионы атанып, бас жүлдені үйіне өңгеріп қайтты.

Спорттық ойындармен қатар, қалалық мешіттің әйелдер жамағатының ұйымдастыруымен берекелі қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер өз қолдарынан шыққан дәмді пісірмелер мен хош иісті ұлттық тағамдарды жұртшылыққа ұсынып, мерекелік дастарқанның сәні мен ажарын келтірді.

Жәрмеңкеден түскен қаражат игі істерге бағытталды. Бұл күннің басты сипаты болған ауқымды қайырымдылық шаралары аясында жалғызбасты қарттарға, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арнайы құрбандық еттері таратылып, мұқтаж жандардың жүрегіне қуаныш пен жылулық ұялады.

Сондай-ақ, мерекеде кішкентай бүлдіршіндер де назардан тыс қалмаған еді. Балаларға «айттық» ретінде түрлі тәтті сыйлықтар үлестіріліп, олардың балғын жүздеріне күлкі сыйлады.

Қаражал қаласында өткен бұл тағылымды шара тек мал шалып, дұға қылатын күн ғана емес, сонымен бірге, ұлттық дәстүрді жаңғыртқан, халықтың басын біріктіріп, елдің бірлігі мен ынтымағын бекемдеген үлкен рухани тойға, ұмытылмас мерекеге айналды.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ