Ұлы дала өнері – ұрпаққа үлгі  

Өткен аптада мәдени-сауық орталығында Ұлт ұясы болған ұлы мекен Ұлытау облысының құрамындағы кенді өлке Қаражалдың 60 жылдық мерейтойы аясында «Ұлы дала өнері» атты мәдени мұрамыз бен ұлттық өнерімізді дәріптейтін айтулы облыстық байқау өтті.

Киелі сахна төрінде қаламыздың мәдени-сауық орталығының және аймағымыздың  мекеме ұжымдарының  өнерпаздары өнер көрсетті. Сахна шымылдығын алғашқы болып Қаражал қаласы ЮНЕСКО клубы «Балалар өнер мектебінің» Республикалық байқаулары және Халықаралық фестивальдердің жүлдегерлері мен дипломанттары  «АЗИЯ» би тобының бишілері «Қызғалдақ» биімен ашып берді.

Жалпы бұл байқаудың мақсаты – көркемөнерпаздар шығармашылығын одан әрі дамыту, қазақтың  ең үздік әні мен күйін, қолөнерін – «Ұлы дала өнерін» ұлықтау болып табылады. Облыстық деңгейде өтіп жатқан бұл шара әр өңірде өз жалғасын тауып, мәдени ошақтар өз өнер майталмандарын, бар жақсысын көрсетіп,  өнердің ең жоғарғы үлгілерін ұсынады. Облыстық фестивальге әжелер, фольклорлық ансамбль орындаушылары,  әншілер, бишілер тобы, қолөнершілер қатысты. Барлық қатысушылар байқауға ұлттық  киімдер және сахнаға сай көздің жауын алардай киімдер киді.

Сондай-ақ, байқау болған соң, қазылар алқасы да тағайындалды. Айта келсек,  қазылар алқасының құрамында Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы  Арман Бапанов, облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы  Гүлнұр Жолашарова, облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығының қөркемдік жетекшісі  Ғайнияш Мергенова, халық шығармашылығы бөлімінің басшысы Серік Оспанов, мәдени-сауық жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы  Балжан Айбасова болды.

«Өнер – таусылмас  қазына, жұтамас байлық» дейді дана халқымыз. Қазақ халқының өнері – оның тарихи болмысының құрамдас бөлігі. Рухани өнердің өмірге келуі, біртіндеп дамуы, халықтың сипат алуы, оның біртұтас бөлінбейтін құбылыс екенін аңғартады. Қазыналы Қаражалымыздың халқы сегіз қырлы бір сырлы.  Әсіресе, қаламыздың біртуар азаматтарының бірі мәдениет саласының ардагері, ақын,  сазгер Әбдірәсіл Рақым ағамыз туған жеріне арнап, «Қаражал вальсі» атты керемет ән жазды. Бұл ән бүгінде қаламыздың гимніне айналып, әр тұрғынның жүрегінен орын тапты. Мәдени-сауық орталығының жезтаңдай әншілері Азамат пен Алмагүл сол әнмен халықтың көңілін тербеді. Сондай-ақ, фестивальде әні мен сәні жарасқан «Әжелер» ансамблі халық әндерін шырқап, өнер көрсетті. Бір сөзбен айтқанда байқауда жезтаңдай әншілер де, мың бұралған бишілер де, шабыты биік күйшілер де өнерлерін паш етті.

«Ән – көңілдің ажары» демекші, кәусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен  мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен  сабырға көнбес сағынышты да  әннен табамыз. Керемет көңіл-күй сыйлаған бұл фестивальдің деңгейі жоғары.

Биылғы жыл айтулы мерейтойларға толы жыл, оған дәлел Қаражал қаласының 60 жылдық мерекесі, Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының 50 жылдық мерейтойы. Бұл халқымыздың ерен еңбегінің, жылдар бойы төккен маңдай терінің, қаламызды көркейту жолындағы қосқан үлесі мен жетістіктерінің нәтижесі.

Мөлдір ОМАРОВА