Ұлт ұстазының мұрасы дәріптелді

Қаражал қалалық Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханада Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуы мен Қазақстан Республикасының Тілдер күні мерекесіне орай, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Ахмет Байтұрсынов – қазақ халқының рухани көсемі» тақырыбында мектеп оқушыларының қатысуымен әдеби кеш ұйымдастырылды.

Кеште оқушылар ұлы ғалымның ғылыми еңбектері мен әдеби мұралары, сондай-ақ, өнегелі өмір жолы туралы әңгімелеп, өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Іс-шара барысында қазақ халқының әлеуметтік, саяси, тарихи өмірінде орыны айрықша зор тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде оқушылар бойына адамгершілік, ұлтжандылық қасиеттерді дарыту, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында өмір жолы мен қызметі дәріптелді. Тақырыптық бейнероликтер мен слайд көрсетіліп, оқушылардың қойған сұрақтарына жауап берілді.

Өткен тарихымызды бұрмалаусыз, тура қорытудың бiрден бiр жолы – халқымыздың болашағы үшiн бар ғұмырын күресте өткiзген арыстарымыздың артында қалдырған рухани мұрасын оқырманның, əсiресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру. Бұл – біздің қастерлі міндет.

Кеш барысында оқушылар сөздерді әлемнің 41 тілінде оқып, «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» атты кітап көрмесімен танысты. Осы орайда, көрмеде кітапхана қорындағы тілге байланысты әдебиеттер мен ғаламтор беттеріндегі қызықты мәліметтер орын алғанын айта кеткен жөн.

Мөлдір ОРАЗАЛИНА,

Қаражал қалалық С.Сейфуллин атындағы кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.