Ұлт мүддесін көздейтін басқосу

Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурызда Атырау облысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысы өтті.
Алқалы жиынға Ұлытау облысынан «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы, Қазақстанның Құрметті металлургі, Қарағанды облысы мен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіров қатысып, ұлттық мүддені көздейтін өзекті мәселелерді ортаға салған болатын.

– Төлеген аға, әңгімені Ұлттық Құрылтай туралы азды-кем анықтамадан өрбітсек.
– Көшпенділер құрылтайы – ғұн дәуірінен басталып, түркі дәуірінде іргеленген жүйе. Дала философиясы қоғамдағы сан-қырлы топтар мен тайпалардың басын біріктіріп, тізесін қосып, түрлі бастамалары мен ой-пікірлеріне құлақ асып отырған. Демократияның дала философиясындағы көрінісі – Ұлттық Құрылтай құрамында 117 азамат бар, олар әр өңірдегі қоғамдық кеңестердің мүшелері, түрлі саланың өкілдері. Басқаша айтқанда, Ұлттық Құрылтай ел ішінде халықтың сөзін сөйлеп жүрген, бірақ, Парламент пен мәслихат құрамына кірмеген азаматтарға мемлекет дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік беретін алаң деуге болады. Сондай-ақ, Құрылтай құрамын әрдайым жаңартып, ротация жасалып отырады. Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналды.
– Сіз Ұлттық Құрылтайға қашаннан бері мүшесіз?
– Бұл мен үшін төтенше хабар болды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 23-ші күні Жезқазған, Сәтбаев қалаларының бір топ еңбек ардагерлерімен Сарысу кеңшарына қонаққа барған болатынбыз.

Сол жерде жүргенімізде Президент әкімшілігінің жанындағы Ұлттық Құрылтай хатшылығы қызметкері қоңырау шалып, менің Ұлттық Құрылтай мүшесі болғанымды хабарлап, құттықтады. Құрылтайдың үшінші отырысы қарсаңында 27 қаңтарда, Астана қаласында өтетін секция жұмысына қатынасуымды хабарлады. Бардым. Қатыстым. Ұлттық Құрылтай мүшелерінің басым көпшілігі қатынасқан жиынды ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин ашып, өткен екі Құрылтайда айтылған ұсыныс­тардың орындалуынан мағлұмат берді және Ұлттық Құрылтайдың кезекті үшінші отырысы наурыз айында Атырау қаласында өтетінін хабарлады. Кезекті Ұлттық Құрылтайға дайындық мақсатында, тың ұсыныстар мен көтерілетін сұрақтарды алдын-ала талқылау үшін Құрылтай мүшелерін төрт секцияға бөлінгенін айтты. Олар: Азаматтық қоғам; Мәдениет. Өнер. Руханият; Білім және ғылым; Әлеуметтік-экономикалық даму.
Мен «Әлеуметтік-экономикалық да­му» секциясының жұмысына қатыстым. Секция жұмысын Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жүргізді. Ұлттық экономика министрі А.Қуантыров қатысты. Секция жұмысына қатысқан құрылтай мүшелерінің барлығы сөз алды, өздерінің сұрақтары мен ұсыныстарын ашық ортаға салды. Бұдан мен де сырт қалған жоқпын. Өңірге қатысты өз ұсыныстарымды ортаға салдым. Олар мыналар еді:
1. Жер қойнауынан өндірілетін кендерді толығымен игеру керек. Кен құрамындағы негізгі металлдарды өндіріп қана қоймай, қосалқы-ілеспе металлдарды өндіруді қолға алу керек. Жер қойнауындағы кен байлығы шектеулі екенін ескерсек, оны неғұрлым тиімді пайдалануды қолға алатын уақыт келді. Қажет болса Заңдарға тиісті өзгертулер енгізуді ұсынамын.
2. Кеңес дәуірінде Қазақстанды шикізат қоры ретінде пайдаланған саясат әлі жүріп жатыр. Көп айтылады, бірақ үлкенді-кішілі жобалар әлі толығымен орындалмауда. Өндірілген металлдарды шикізат күйінде сатамыз. Дайын өнімдер шығаруды қолға алу керек. Бұл екі ұсынысты толығымен орындауға Қазақстан ғалымдары мен өндіріс инженерлерінің білімі мен тәжірибесі жеткілікті.
3. Қазақ жеріндегі сирек кездесетін металлдарды өндіру және өңдеу туралы кешенді бағдарлама қабылдауын ұсынамын.
4. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп, халық тұтынатын дайын тауарлар шығару жұмыстары толығымен атқарылмауда.
5. Кеңес Одағы кезінде Ертіс өзені су­ын Жезқазғанға жеткізу жобасы бекітіліп, қаражат бөлініп, бірқатар жұмыстар қар­қынды жүргізілген. Тәуелсіздік алғалы ол жұмыс тоқтап қалды. Орнатылған қондырғылар мен құбырлар қолды болды. Ұлытау облысы шөлейт жерде орналасқанын ескерсек жақын уақытта су тапшылығы болатыны сөзсіз. Үкімет осы жобаны қайтадан қолға алуын ұсынамын.
6. Қазақстан халқына Ұлттық идеология керек. Ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту, ғасырлар бойы шыңдалған қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын мектеп оқушыларына арнай оқытуды ұсынамын.
Төрт сағатқа созылған секция отырысын қорытындылаған Тамара Дүйсенова көтерілген сұрақтар мен ұсыныстарды сараптап тиісті құзырлы органдарға тапсыратынын және алдағы болатын Ұлттық Құрылтай отырысына секция атынан бір-екі Құрылтай мүшесіне сөз берілетінін мәлімдеді.
– Құрылтайдың үшінші отырысына қатыстыңыз, қандай әсер алдыңыз?
– Атырауда Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысы шеңберінде жұмыс секцияларының мәслихаттары өтті. Түске дейін ҚР Президентінің көмекшісі Руслан Желдібайдың модераторлық етуімен «Азаматтық қоғам» секциясы, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның модераторлығымен «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясы жұмыс істеді. Ал түстен кейін Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жетекшілігімен «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясының, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің модераторлық жасауымен «Білім және ғылым» секциясының отырысы өтті. Жалпы алғанда, төрт секцияның жұмысында Ұлттық Құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден аса ұсыныс пен бастама көтерілді. Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан әрі нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге, елдің ғылыми әлеуетін көтеруге, мәдениет саласын қолдауға, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, көші-қон мәселесін реттеуге және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерге қатысты жасалды. Ұлттық Құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі аталған азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын көрсетеді.
Секция отырысында мен төмендегі сұрақтарды көтердім:
– Кеңес үкіметі кезінде Жезқазған-Ұлытау аймағына байланысты үлкен екі жоба толық аяқталмай қалды, біріншісі – Ертіс өзенінің суы (канал) Жезқазған қаласына 200 шақырым жетпей қалды. Екіншісі Жезқазған-Қызылорда тасжолының 200 шақырымы бітпей қалды. Екеуі де стратегиялық құрылыс, осы жұмыстар тездетіп қолға алынуы керек.
– Жезқазған қаласының тұрғындары сапалы ауызсуға әлі зәру.
– Еңбек адамдарының еңбектерін бағалап Мемлекеттік марапаттармен марапаттау мардымсыз. (Жезқазған байыту фабрикасының 70 жылдығына байланысты мақала дайындағанымда, архивтен 1954-1991 жылдар аралығында Кеңес одағының мемлекеттік орден, медальдармен тек осы фабриканың 400-дей еңбеккері марапатталыпты, ал 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін небәрі 12 фабрика еңбеккері Тәуелсіз Қазақстанның орден, медалімен марапатталыпты.) Еңбек адамдарына лайықты марапат жасау керектігін көтердім.
– Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысының баяндамасынан қандай әсер алдыңыз?
– Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысының баяндамасы және құрылтайда көтерілген мәселелермен Қазақстан халқы ақпараттық құралдар және әлеуметтік желілер арқылы толық мағлұмат алды деп ойлаймын. «Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек Жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар», – деп бастады Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Басты ерекшелігі – Мемлекет басшысы осыған дейін айтқан идеологемаларды қорыта келе, жалпыұлттық құндылықтардың нақты тізімін ұсынғанында. Бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Осы құндылықтар тұғырнамасы мемлекеттің білім беру саласындағы, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі және мәдени-ағарту жұмысындағы басты бағдары болады. Бұл құндылықтар қазіргі кездегі идеологемаларды ғана емес, сонымен бірге бәріміз қалыптастыруға тиіс жаңа әлеуметтік этиканың контурын айшықтайды. Мемлекет басшысы құрылтайда сөйлеген сөзінде «Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз», – деді. Өрлеуге ұмтылу – елдің дамуына кедергі келтіретін барлық нәрседен бас тартуды ғана емес, барша азаматтардың өзін-өзі дамытуға деген белсенді ұмтылысын да білдіреді. Сондықтан бұл құндылықтар, қоғамда бүкіл еліміздің және әрбір азаматтың мүддесін тоғыстыратын прогрессивті мінез-құлық үлгілерін қалыптастыруды көздейді. Жалпы отырыста сөз алған құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын, Мемлекет басшысының баяндамасын зейін қойып тыңдадым. Жақсы әсер алдым.
– Құрылтайдың жалпы отырысында кімдер сөйледі және қандай ұсыныстар айтты?
– Құрылтайдың жалпы отырысында сөз алған академик, Қазақстан ғалымдар одағының төрағасы Оразалы Сәбденов не­гізінен екі мәселені көтерді, біріншісі ұлы Абайдың толық адамына оралу, екіншісі жалпы халықтық мың жоба. Абайдың ілімін төменнен бастап ұлттық идеологияға енгізу керектігін ұсынды. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын лайықты атап өту жолында бірқатар ұсыныстарын және Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуіне алаңдаушылығын айтты. Заңгерлер Айман Омарова, Динара Закиева, Сенат депутаты Никита Шаталов тұжырымды ұсыныстарын жеткізді.
– Әлеуметтік желілерде Елтаңбаны өзгерту және насыбайға тыйым салу туралы қызу талқылаулар жүріп жатқанынан хабардар шығарсыз, Сіздің пікіріңіз қандай?
– Құрылтай жиналысы аяқталысымен әріптестеріме осы екі сұрақтың тұрғындар арасында қызу талқыға түсетінін айтқан едім. Солай болды да. Менің пікірім Елтаңбаны өзгертуге асығыстық жасамаған абзал. Мәжіліс депутаттарымен болған бір кездесуде, орталық қаламыздың атын өзгерту мен тіркелген саяси партиялардың атауларын өзгертуден басқаға да, өзімізге де күлкілі болдық, сондықтан келешекте бұндай сұрақтарды асықпай, көпшілікпен ақылдаса отырып шешкен орынды деп ойлаймын. Ал, насыбайды бабаларымыз ертеден атқан. Біртуар ғалым, ұлтымыздың мақтанышы болған Қаныш Сәтбаев та насыбай атқан екен. Насыбайға тыйым салынғанды қолдамаймын, бірақ тәртіпті қатаң сақтап, мәдениетті болғанымыз абзал.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен жүзеге асып келе жатқан Құрылтайдың ел үшін рөлі қандай деп айтар едіңіз?
– Ерекше. Әлігінде айтып өттім ғой, Ұлттық Құрылтай ел ішінде халықтың сөзін сөйлеп жүрген, бірақ, Парламент пен мәслихат құрамына кірмеген азаматтарға мемлекет дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік беретін алаң деп. Сөзсіз солай. Бір сөзбен түйіндеп айтсам – Ұлттық Құрылтай ұлт мүддесін көздейтін басқосу.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.