Несін жасырамыз, мына қызылды-жасылды заманда елдің беті баспасөзден гөрі басқа сөзге, яғни, әлеуметтік желілердегі әңгімелерге әлдеқашан ауып кеткен. Таңертеңгі шайын газет оқып отырып ішетін адам да, оған сол газетін уақтылы жеткізіп отыратын редакциялар да жоқтың қасы. Қазіргілердің қолында газет емес, гаджет. Ал, газет шығаратындар басылым бетіндегі сөздерінен асып кететін мәселелердің шырғалаңына шырмалып жатыр. Ол – газетке жаздыру, оны бастыру, газетті тарату, һәм сол газетті шығаратын білікті кадрлар табу. Бұған коммуналдық сала мен баспананың мәселесін қосыңыз…
Жә, осы жерден тоқтайық та, негізгі әңгімемізге көшейік. Бір-бірімен осылай іркесіп-тіркесіп жатқан мәселелерді қалай шешеміз деп басымыз қатып жүргенде Астанада алқалы жиын өтті. Ұзынқұлақтан естуімізше бірқатар өзекті мәселелер қаралыпты. Жылы шуақ та ескен тәрізді. Өңірлік мерзімдік басылымдар мәселесі жайлы өткен форумға өзі барып қатысып, өңірлік баспасөздің келешегі жайлы айтылған келелі әңгімені өз құлағымен естіп келген әріптесіміз, Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің бас редакторы Әлмира Оспанға қоңырау шалып, аз-кем сұхбат құрған едік.
– Әлмира Мақсұтқызы, тұңғыш рет өткізілген форумда қандай мәселелер қаралды? Әңгімені осыдан бастасақ.
– «Мұндайды көрген де арманда, көрмеген де арманда» деп қызықтырмаушы ма едік, әлдебір тамаша кештердің куәсі болғанда. Астанада өткен алқалы жиын жайлы да солай деп айтуға болады. Өйткені, мұнда өңірлік мерзімдік басылымдардың басындағы проблемалардың барлығы ашық айтылып, оны шешудің жолдары бірлесіп талқыланды. Бір сөзбен айтқанда кадр мәселесінен бастап, басылымдарды оқырмандарға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық мәселелер егжей-тегжейлі сарапқа салынды. Ал оны еліміздің әр түкпірінен келген 200-ге жуық баспасөз бен медиа құрылымдардың өкілдері қызу талқылады.
– Ендеше осы айтылғандарды шама-шарқыңызша талдап, тарқатып айтып бере аласыз ба?
– Әрине. Жиында бас-аяғы 7 пленарлық отырыс өткізілді. Елге белгілі журналистика саласының марғасқалары, қоғам қайраткерлері, шетелде «Болашақ» бағдарламасымен білім алған, тәжірибеден өткендер сан түрлі сұрақтарға жауап беріп, тәжірибелерімен бөлісті. АҚШ, Жапония, Түркия, Еуропа елдеріндегі мерзімді басылымдардың бүгінгі хал-ахуалына, алға қойған мақсаттарына, болашағына қатысты зерттеулер жүргізген түрлі сала мамандарының пікірі ескерілді. Сонымен қатар, әр өңірден келген бас редактор, медиа-менеджер, тілшілер жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Кейбір әріптестеріміз «Қазпошта» қызметінің олқылығын, газет таралымының азайып кеткендігіне алаңдаушылығын білдірді.
Медиафорумның екінші күні сарапшылар медиа-менеджмент, газет дизайны, суреттерді сөйлету өнері, баспа, басылымдарға кадр даярлау, салалық журналистиканы дамыту мәселелерін сөз етті.
Форум барысында жиі айтылған бір мәселе – вебсайт болды. Оның ықпалдылығы күн сайын артып барады. Жиналғандардың пікірінше, ХХІ ғасырда дәстүрлі БАҚ және интернет сайттардың ықпалдастығы маңызды. Оны бірінен-бірін бөліп қарауға болмайтындығы айтылды. Сондай-ақ, журналистердің қоғамдағы мәртебесі, әлеуметтік жағдайы, пәтер алуы, еңбегінің еленіп, сыйлық пен марапат иеленуі және т.б. тақырыптардың шешілуіне байланысты қозғау салынды. Өңірлік газеттердің, жалпы мерзімді баспасөздің мұң-мұқтажы мен ұсыныстарына орай құзырлы министрлік жылдар бойы қордаланған бұл мәселелерді шешу қолға алына бастағанын мәлім етті.
Негізінен БАҚ өкілдерін қолдауға бағытталған іс-шаралар аз емес. Солардың ішіндегі маңыздысы – журналистердің құқықтық мәртебесін көтеру және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленуде. Халықаралық тәжірибелер ескерілген заң жобасы жұртшылық талқылауына шығарылды. Сондай-ақ, ақпаратқа қолжетімділік мәселелері жөніндегі заңға түзетулер енгізілмек. Ұсынылған өзгерістер, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеген мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған жиын жыл сайын мұғалімдердің «Тамыз кеңесі» сияқты жүзеге асатын көрінеді. Бұйырса, келесі форум Сыр елінде өтуі мүмкін.
– Өз басыңыз форум жұмысынан көкейіңізге не түйіп қайттыңыз?
– Түйгенім көп. Айтып тауыса алмаймын-ау.
– Сонда да болса, елеп, екшеп айтып көрсеңіз?
– Форумның ашылу салтанатында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов өңірлік баспа, бұқаралық ақпарат құралдарының мәселелерін, атап айтқанда оқырман саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақтылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдар тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет екенін, бұл жиынның мақсаты да – сол болғанын атап өтті.
Ал, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатынын, соның салдарынан көптеген басылымдар өз жұмысын тоқтатуға немесе тираж санын күрт азайтуға мәжбүр болғанын айтты.
«Тиісті талаптарға сай келмегендіктен, бөлінген қаражаттардан құр қалған редакциялар аз емес. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәселен, аудандарда 159 газет жекеге өткен. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетуге әзірміз», – деді министр.
Менің жүрегіме жылы тиген тағы бір мәселе аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қаралатындығы болды. «БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз. Атап айтқанда, жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019 жылдан бері өзгермегені белгілі. Соған байланысты біз тарифтерді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар жобалық тәсілде өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін беріп, оң әсер етеді деген үміттеміз», деген министрдің сөзін әріптестерім үлкен серпіліспен қабыл алды.
Сол сияқты, жиында сөз болған шалғай аймақтардағы басылымдарда шыңдалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесі де журналистердің өз мамандығына деген қызығушылығын арттырып, келешегіне үміт ұялатары анық.
Форумда айтылған тағы бір өзекті мәселе – газеттерді субсидиялау болды. Кейбір өркениетті мемлекеттер өз тілдерін сақтап, дамыту үшін газет өндірісіне бетбұрысты қайта күшейткен. Мысалы, Германия өз тілдерінде шығатын газеттерді субсидиялау тәжірибесін қайта қолға алған. Қазіргі уақытта біздің еліміздегі, әсіресе халқы аз шоғырланған өңірлердегі қазақ тілді басылымдар осындай қолдауға зәру.
– Соңғы сауал, аталмыш форум өңірлік баспасөздің өрісін кеңейтуде нақтылы қозғалыс жасай алды деп ойлайсыз ба?
– Әлбетте. Екі күнге созылған алқалы жиында айтылған әңгімелер қазақ баспасөзінің көкжиегін кеңейтетіндей қозғау сала алды. Әрине, айтылғанның бәрі бір күнде орнай қалмас. Бірақ, билік пен бұқараға ой сала алды деп ойлаймын. Форумда айтылған ой ертеңгі күннің жемісі екені даусыз. Ал, жемісі мол болса өңірлік мерзімдік басылымдардың өрісі де кеңейетіні анық.
– Лайым солай болғай. Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.