Үлкен су келді

Биылғы көктем еліміз үшін есте қаларлықтай болып тұр. Бірқатар өңірлерде елдімекендерді су басып, тұрғындар қатерге тап болды. Шығын да шашетектен. Бұл мәселе қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң бақылауында. Президент тапсырмасымен республикалық штаб құрылды.

Бұқаралық ақпарат көздерінде бұған дейін де хабарланғанындай Мемлекет басшысы орын алған жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізіп, барысында бірқатар тұлғаларға ескертулер жасап, біразына қатаң сөгіс жариялаған болатын. Сонымен қатар барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Ал, оның орындалысы республикалық штабта күнделікті тыңдалып отыр.
Аптаның басында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен республикалық штабтың отырысында өңірдегі ахуалды баяндады.
Аймақ басшысы атап өткендей, су тасқыны кезеңінен бастап өңірдегі 25 елдімекен мен шаруа қожалықтарында су басу қаупі төну факторы тіркелген. Облыс аумағындағы 9 автожолдың учаскерлерінде еріген қар суының тасу фактілері орын алды. Қазіргі таңда 6 жол қалыпқа келтірілді, 3 жол бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында барлығы 138 бірлік техника (12 су сорғы құралдары, 4 қайық), 418 адам жұмылдыра отырып, 25 елдімекен мен шаруа қожалықтардан 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланды. Тасқын су салдарынан қатынассыз қалған адамдарды эвакуациялау және құтқару үшін Жезқазған қаласының әуежайында орналасқан МИ-8 тікұшағы тартылды.
Үйлер мен аула аумақтарын тасқын сулардан жою мақсатында 3500 дана қапшық төселді, шамамен 56 213 текше метр су сорылып, 25 000 метр қорғаныс бөгеті көтерілді.
Облыс аумағындағы негізгі су көздері – Кеңгір, Сарысу, Жезді өзендері мен 25 гидротехникалық құрылғы бақылауда.
Кеңгір су қоймасының жобалық көлемі 319 млн. текше метр құрайды. Қазіргі таңда 304 млн. текше метр су жиналып, жоспарлы ағызу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде 155 млн. текше метр су ағызылды.
– Бүгінгі таңда облыстың Қарағанды облысымен шекаралас аудандарында қардың әлі толық ерімеуіне байланысты, судың облыс көлеміне келуі тұрақты бақылауда, – деді өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ