Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде қаланың Горняк стадионы ерекше жылулық пен мейірімге толы мерекелік алаңға айналды. Мұнда Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қоғамдағы аналардың мәртебесін арттыруға, олардың құқықтық, медициналық, психологиялық және кәсіпкерлік сауаттылығын дамытуға бағытталған «Аналар форумы» өтті.
Ауқымды іс-шараға қала тұрғындары, көпбалалы аналар, түрлі сала мамандары, қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенді нәзік жандылар қатысып, маңызды мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Қазақ халқы ежелден ананы отбасының ғана емес, «тұтас ұлттың тірегі» деп бағалаған. «Ана – өмірдің шуағы, отбасының ұйытқысы» деген ұғым бүгінгі форумның негізгі өзегіне айналды.
Форумның басты мақсаты – әйелдердің қоғамдағы рөлін айқындап қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсету, өзекті мәселелерді талқылау және тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.
Форум басталар алдында қатысушыларды салтанатты әуен қарсы алып, стадион аумағында тіркеу жұмыстары жүргізілді. Айналаны жайлаған көтеріңкі көңіл-күй мен жүздердегі шаттық бұл кездесудің ерекше маңызға ие екенін аңғартты.
Іс-шараның ресми бөлімін модератор Қарлығаш Шакенова ашып, форумға жиналған қауымды құттықтады. Ол аналардың қоғамдағы орнына тоқталып, бүгінгі кездесудің әрбір қатысушысы үшін пайдалы әрі тағылымды боларына сенім білдірді.
Форумның ашылу салтанатында Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Манара Жетимекова сөз сөйлеп, отбасы құндылықтарын дәріптеу мен аналардың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Ол әйелдердің қоғам өміріндегі белсенділігі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Форумның алғашқы бөлімі құқықтық мәселелерге арналды. Ұлытау облысы Полиция департаментінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Алтынай Жанадилова «Құқықтық қорған: тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғану жолдары және балалар қауіпсіздігі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Спикер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық қорғау тетіктері, зардап шеккен азаматтарға көрсетілетін көмек түрлері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Келесі бөлім әйел денсаулығына арналды. Қаражал қалалық орталық ауруханасының тәжірибелі акушер-гинекологы Аида Маграмова «Әйел денсаулығы: әлі күнге дейін ел сенетін мифтер» тақырыбында баяндама жасап, қоғамда кең тараған қате түсініктерді ғылыми деректер арқылы түсіндірді.
Ол әйелдердің денсаулығына немқұрайлы қарамаудың маңыздылығын айтып, профилактикалық тексерулердің қажеттілігіне тоқталды.
Форум барысында кәсіпкерлік саласы да назардан тыс қалмады. «Мерейлі жандар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы әрі табысты кәсіпкер Динара Байтасова әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру тақырыбында сөз сөйледі.
«Әйел және бизнес: қорқыныштан мүмкіндікке» атты мотивациялық баяндамасында ол өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, бизнесте кездесетін қиындықтарды еңсеру жолдарын айтты. Спикердің айтуынша, кез келген жетістіктің бастауы – сенім мен табандылық.
Тағы бір айта кетерлік жайт – «Мерейлі жандар» қоғамдық бірлестігінің форум қатысушыларына жайған ақ дастарханы көңілге жылулық ұялатты.
Осыдан кейін форум қатысушылары үшін сергіту және дене белсенділігіне арналған арнайы бөлім ұйымдастырылды. Қаражал қаласы өнер мектебінің кәсіби хореографы Татьяна Новоковская қатысушыларға арналған жеңіл би және сергіту жаттығуларын өткізді.
Көңілді әуенмен сүйемелденген бұл бөлім форумға ерекше сән беріп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Форумның ең әсерлі әрі мазмұнды бөлімдерінің бірі – отбасылық психолог және тектанушы Бибігүл Есенбектің дәрісі болды. «Әлемнің мәні – әйелде» тақырыбында өткен кездесу барысында спикер отбасы құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі, тектану мәдениеті, әйелдің ішкі әлемі мен психологиялық саулығы туралы терең ой қозғады.
Ол отбасының берекесі ананың рухани жағдайымен тығыз байланысты екенін айтып, қатысушыларды өзін-өзі дамытуға, жан дүниесіне көңіл бөлуге шақырды.
Теориялық бөлімнен кейін форум тәжірибелік кезеңмен жалғасты. Қатысушылар арнайы ұйымдастырылған психологиялық тренингке қатысып, өзара қарым-қатынасты нығайтуға, өзін-өзі бағалауды арттыруға бағытталған жаттығулар орындады.
Бұл бөлім аналардың бір-бірімен жақынырақ танысып, пікір алмасуына мүмкіндік берді.
Іс-шараның қорытындысында Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова сөз сөйлеп, форумның маңыздылығына тоқталды. Ол аналардың қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтіп, отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған осындай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.
Форум соңында ұйымдастырушылар барлық спикерлерге алғыс білдіріп, олардың қоғам үшін маңызды тақырыптарды көтеріп, тәжірибелерімен бөліскені үшін ризашылықтарын жеткізді.
Қатысушылар да өз кезегінде мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, форумнан мол ақпарат пен рухани күш алғандарын айтты.
«Аналар форумы–2026» тек пікір алмасу алаңы ғана емес, әйелдердің қоғамдағы рөлін дәріптеген, отбасы институтының маңызын насихаттаған, аналардың өз мүмкіндіктерін танып, жаңа белестерге ұмтылуына серпін берген тағылымды шара ретінде есте қалды.
Ақбота САЖИНОВА,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ II студенті.
