1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні – әлемдегі ең шуақты әрі мейірімге толы мерекелердің бірі. Бұл күн балғын балалық шақтың қадірін ұғындырып, жас ұрпаққа деген қамқорлық пен жауапкершілікті арттыратын ерекше мереке.
Балалардың күлкісі мен шаттығы әрбір отбасының бақыты, әрбір мемлекеттің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да, бұл күн тек балалардың мерекесі ғана емес, олардың құқықтарын қорғауға, қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына жағдай жасауға үндейтін маңызды күн.
Өскелең ұрпақтың бақытты балалық шағы мен жарқын келешегі – қоғамның басты құндылығы.
Осы мерекеге орай Қаражал қаласында мерекелік іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Балалардың шат күлкісі мен қуанышы мерекенің басты көркіне айналып, қала бір күнге нағыз думан орталығына айналды.
Мерекелік шаралар қала алаңында ұйымдастырылған салтанатты концертпен басталды. Концерт барысында жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін ортаға салып, ән мен биден шашу шашты. Әсем әуен мен жарқын қойылымдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекенің ең қызықты бөлімдерінің бірі – сабынды көпіршіктер шоуы болды. Аспанға қалықтаған түрлі-түсті көпіршіктер балалардың ерекше қызығушылығын тудырып, олардың қуанышына шек болмады. Балдырғандар шоуға белсенді қатысып, жарқын әсерге бөленді.
Сонымен қатар, мереке аясында сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қатысқан жас суретшілер өздерінің қиялындағы бақытты балалық шақты, туған жердің көркем табиғатын және отбасы құндылықтарын қағаз бетіне түсірді. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған бұл байқау олардың өнерге деген қызығушылығын арттыра түсті.
Қолөнерге бейім балалар үшін бисерден бұйым тоқу бойынша шеберлік сағаты өткізілді. Тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен қатысушылар бисерден түрлі әшекейлер жасап, жаңа дағдыларды меңгерді. Мұндай шаралар балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, еңбекке баулуға да ықпал етеді.
Кешкі уақытта ашық аспан астында би кеші ұйымдастырылып, жастар мен балалар сүйікті әуендерге билеп, көтеріңкі көңіл-күймен уақыт өткізді. Би алаңы мерекенің ең қызу орталықтарының біріне айналып, қатысушыларға ұмытылмас сәттер сыйлады.
Мерекелік бағдарламаның шарықтау шегі ретінде қала тұрғындарына әсерлі мерекелік отшашу ұсынылды. Түнгі аспанды жарқыраған түрлі түсті оттар көмкеріп, балалар мерекесінің жарқын қорытындысына айналды.
Балалар еліміздің болашағы, мемлекетіміздің ең басты байлығы. Сондықтан, олардың бақытты балалық шағы мен жарқын келешегі әрқашан қоғам назарында болуы тиіс. Қаражал қаласында өткен мерекелік іс-шаралар осы игі мақсаттың айқын көрінісі болды.
Балалардың күлкісі мен шаттығы мәңгі естілсін, олардың армандары әрдайым орындала берсін!
Ақбота САЖИНОВА,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ II курс студенті
