Әлем – балалар көзімен

«AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының «Культура» және «Финансовый» бастауыш партиялық ұйымдарының қолдауымен, мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен Балаларды қорғау күніне орай «Бақытты отбасы» жобасы аясында «Бақытты елдің балалары» атты сурет байқауы өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ, бос уақыттарын қызықты әрі тиімді ұйымдастыру болды.

Шара барысында бүлдіршіндер өз қиялдарын, армандарын және ішкі әлемін түрлі-түсті бояулар арқылы бейнелеп, шығармашылық өнерлерін паш етті.

Байқауға қатысқан балалар ерекше белсенділік танытты. Әрбір жас суретші өз туындысын сіңірген ойымен, сезімімен жеткізді.

Ұйымдастырушылар балалардың шығармашылығына ерекше көңіл бөліп, олардың еңбегін жоғары бағалады.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ, байқаудың қорытындысы бойынша ең үздік жұмыстар мәдени-сауық орталығының залында арнайы көрме ретінде қойылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балаларға шығармашылық дамуға, өзіндік қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, отбасы мен қоғам арасындағы байланыстарды нығайтуға да септігін тигізеді.

«Бақытты елдің балалары» байқауы Қаражал қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп, балалардың дамуы мен қоғамдағы шығармашылық ортаның кеңеюіне үлес қосатын болады.

Ізбасар ОЙБАС.