Лайықты марапатқа ие болған ару

Әлемнің әдемілігін әспеттейтін әсерлі мереке күні әсем де көркем арулар гүл шоқтарындай жайқала маңызды кездесулер, бағалы марапаттар арасында бал-бұл жайнады. Қаражал-Жәйрем өңірінің арулары бірі облыстан, бірі қаладан, бірі ауыл ішінен атқарған еңбектеріне қарай, лайықты марапатқа ие болып жатты. Ал осы уақытқа дейін марапаттардың талайын арқалаған арулар мерекелік кешке арнайы шақырылып, құрметті қонақ болды.

Солардың бірі – Жәйрем кентіндегі № 30 жалпы білім беретін мектептің тарих, құқық негіздері пәнінің мұғалімі – Раушан Ахан.
– Мерекелік іс-шаралар өте жоғарғы деңгейде өтті. Кентіміздегі көп балалы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерімен қатар, ауылымыздың қазыналы қарттарын, ақ жаулықты әжелері мен үлгілі аналарын кент әкімі Қайрат Аманкелдіұлы арнайы мерекелік ақ дастарқан басына шақырып, керемет көңіл-күй сыйлады. Осылай құрметтеп, шақырған қонақтар арасында өзімнің де болғаным мені қуантты. Жалпы кентіміз өнерпаздарға бай. Аналарға арналған концерттік бағдарламада ауыл өнерпаздары бірінен бірі асып түсіп жатты. Арасында менің балам – Нұрайым Ахан да бар. Кішкентайынан өнерге бір табан жақын балапаным қазіргі таңда киелі сахнаны бағындыра бастады. Көптеген байқауларда қатарластарынан оза шауып, бәйгенің басында жүрген балама бар бос уақытымды арнаймын. Мектеп ішінде болған «Екі жұлдыз» байқауында Нұрайым екеуміз бірінші орынды иеленіп, кенттік «Жәйрем жұлдызы-2025» ән байқауында қызым бас жүлдені иеленді. Енді облыстық байқауға дайындық үстінде. Вокалмен қатар, домбыра үйрену курсына да барады. Үлкен қызым Нұрәсем Ахан Қарағанды облыстық «Сарыарқа» телеарнасында журналист, бөлім басшысы. Мен балапандарыммен мақтанамын. Жәйреміміз көркейе берсін, гүлдене берсін! Осылай құрметтеп тұратын басшыларымыздың абыройы асқақтай берсін, — дейді Ахан Раушан.
Көзімнің ағы мен қарасындай болған қос жанарымның болашақтарынан зор үміт күтіп отырмын дейтін аяулы ана, бар бос уақытын балаларына арнауымен қоса, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген, ұлағатты ұстаз. Педагогтардың ең жоғарғы марапаты «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.
Бәйгеге қосқан шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінен жүлдемен оралып жүрген білікті ұстаз ҚР Білім және Ғылым Министрінің Құрмет грамотасымен, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, 2018 жылы Ғылым-білім саласына елеулі үлес қосқаны үшін республикалық «Мәртебелі маман» төсбелгісімен, Қаражал қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен және т.б. көптеген мадақтамалармен марапатталған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Педагогикалық Ғылым Академиясының мүшесі, Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» қазақ творчестволық бірлестігінің Білім саласының лауреаты, Халықаралық ақпараттық және талдау орталығының мүшесі.

Теректі ШАҒАТАЙ.