Конституциялық сот – әділдікке жол

2022 жыл еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды оқиғаларға толы болды. Былтыр маусымда ел Конституциясына өзгеріс енгізу жөнінде референдум өтіп, Ата заңымызға мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамды демократияландыру бағытындағы елеулі толықтырулар енді.

Мемлекет басшысының осы реформалар аясында Конституциялық Сот құру туралы ұсынысы көпшіліктің көкейінен шықты. Бұл бастама әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам деп бағаланып отыр.

«Көптеген мемлекетте Конституциялық Сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата Заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық Сот құруды ұсынамын» — деді Президент осы ретте. Расында әлем елдерінің құқықтық алаңына шолу жасағанда Конституциялық Соттың Ресей, Белорусь, Армения, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Латвия, Литва және Молдова т.б. секілді кеңестік одақ шекпелінен шыққан елдерде орнықты жұмыс істеп келе жатқанын байқауға болады.

Еліміз егемендігін алғаннан кейін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып Конституциялық Сот енгізілгені белгілі. Ол 1992 жылы 5 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» заңға сүйене отырып жұмысын бастаған болатын. Тарих көрсеткендей Конституциялық Сот  1995 жылға дейін нормативтік актілердің Ата Заңымызға сай келуін қадағалап келді. Сонымен бірге, бұл тұста сотқа Конституцияны түсіндіру, азаматтардың конституциялық құқығына қатысты құқық қолдану тәжірибесінің Конституцияға сай келуі туралы істерді қарау, тиісті заңда көрсетілген нақты мәселелер бойынша іс қозғау, құзірет туралы дауларды қарау секілді ерекше құқықтар жүктелді. Дегенмен, 1995 жылғы 30 тамызда Конституцияның қабылдануымен Конституциялық Сот қызметін тоқтатып, Конституциялық Кеңес жұмсын бастаған еді. Бүгінгі күнге дейін Кеңес өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды.

Қоғамның дамуы, азаматтардың талап-тілегінің өсуі құқықтық салаға үлкен бетбұрыстар жасау қажеттігін алға шығарып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының құқық қорғау институттарын күшейтуге ерекше мән беріп, Конституциялық Кеңесті Конституциялық Сотқа алмастыру туралы бастама көтеруі орынды. Мұндағы басты ұстаным жоғары құқықтық органға жүгінушілер санатына байланысты болса керек. Өйткені, бұған дейінгі елдегі құқықтық нормаларға кәсіби баға беріп, ол бойынша толыққанды түсіндірме жүргізу Конституциялық Кеңес құзырында болды. Бірақ бұл құзыретті мекемеге қарапайым азаматтардың тікелей жүгінуге мүмкіндігі болмады. Конституциялық Сот осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп отыр.

Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, кез келген азаматтың құқық мәселесінде туындаған сауалына жедел, сапалы жауап бере алатын Конституциялық Сот құру туралы бастаманың көтерілуі Президенттің ел тілегін еститінін, көпшілік базнасына құлақ асатынын көрсетеді. Бұл органның көмегіне жоғары лауазым иелері, заң шығарушы органдар, қарапайым азаматтармен бірге Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілдің де жүгінуіне жол ашылмақ.

Үлкен міндеттер жүктеліп, жоғары меже белгіленіп отырған Конституциялық Сот қазақстандықтардың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі деген үміт бар. Сондықтан бұл айрықша мәртебеге ие сотқа елді әділдікке жеткізетін құрал, шындықтың ұшар шыңына жеткізетін баспалдақ деп қараған артық емес.

Ақансері Сүлейменов,

«Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры