Комбинат ардагерлері – ұдайы назарда

Ардагерлер – ардақты асыл жандар. Олардың талап-тілектері мен сұраныстарын ұдайы назарда ұстау – адамгершілік ұстанымның ешқашан өзгермес өлшемі. Бүгінгі таңда «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы жанынан құрылған Ардагерлер кеңесінде 302 зейнеткер тұрақты тіркеуде тұр және еңбегімен елдің дамуына үлес қосқан жандар комбинаттың қамқор пейілін үнемі сезініп келеді.

Ресми тіркеудегі рдагерлердің барлығына жылына 5 рет мерекелік сыйлықтар берілсе, жылына бір рет жеңілдікпен санаторий-курорттарға барады. Мерейтойларына байланысты қаржылай сыйақы беру тұрақты түрде жолға қойылған. Бұдан тысқары, қыс маусымы қарсаңында жеңілдікпен көмір беріледі. Сонымен қатар, атаулы мереке күндері тікелей сол кісілерге арналған түрлі мәдени-іс шаралар ұйымдастыру бұлжымас дәстүрге айналғанын айта кету керек. Мәселен, сондай тартымды шараның бірі Халықаралық қарттар күні аясында өткізіліп, қариялар қауымы бір серпіліп қалды. Өмірлерінің мағыналы әрі қажырлы кезеңдерін Жәйрем өндірісіне арнаған ақсақалды аталар мен ақжаулықты әжелер қазіргі таңда үйде немере бағып, бау-бақша қарап, одан қалса, алыс-жақын жерлерге қыдырыстап жүріп бастары анда-санда қосылатын болғандықтан, сол күні бір-бірімен сағыныса көрісіп, қауқылдасқандары сырт көзге өте тартымды көрініс болды.

Іс-шара барысында жылдағы дәстүр бойынша аталар мен әжелер мерекелік кездесулерін скандинавиялық жүріспен бастады. Скандинавиялық жүрістің адам денсаулығына пайдасын түсіне білген ардагерлер қолдары бос кезде, арнайы екі таяқшаға сүйеніп, таза ауа аясында серуендеп қайтады. Біздің бұл дәстүрлі спорттық шарамызға қызығып жүретін іргелес қаражалдық әріптестеріміз де өз ардагерлері арасында скандинавиялық жүрісті ұйымдастырып, оны ай сайын өткізуде. Төңіректегі қауымға үлгі болғанымыз – біз үшін, әрине, мерейлі мәртебе.

Аталған спорттық шарадан кейін ата-әжелеріміз «Қара жорға» және өз замандарындағы “Летка-Энька» билерінен флешмоб биледі. Замандас әрі үзеңгілес жандардың әдемі әзіл-қалжыңдарын ұйымдастырушы тарап пен жанкүйер қауым сүйсіне тыңдап, қызыға қарағанын айтпай кетуге болмайды.

Флешмобтан кейін ата-әжелерімізге арналған концерттік бағдарламаны Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев құттықтау сөзімен ашып, ардагерлерге шынайы жүректен шыққан ақ тілегін жаудырды. Өз кезегінде жауап сөз алған комбинат Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Қойшыбаев, кеңес хатшысы Гүлбарам Қуанышбаева, Жастар кеңесінің төрағасы Жігер Еділбаев, Спорт федерациясының маманы Әсел Сайлауханова мен волонтер Есенжол Оразбаев мерекелі күні мерейлері өскен ардақты жандарға ақжарма көңілмен құттықтауларын жеткізді. Ардагерлерге арнап, «Нұр» би ансамблі тамаша өнерлерін көрсетті.

Жастық шақты еске алатын тамаша мерекелік басқосу әр ұлттың билерінен өткізілген байқауға ұласты. Ортада дөңгелене билеген қарттарымыз ерекше сергіп қалғаны сөзсіз. Өзара тартысқа түсіп, бимен ғана емес, әзілмен де бір-бірлерінен асып түскен құрметтілеріміз өздеріне арналып жайылған ақ дастарқаннан дәм татып, түтіні будақтаған самаурыннан шай ішті. Дастарқан басында бір-біріне ақ тілектерін арнап, осындай әдемі кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.

Мерекелік іс-шара түйінінде ардагерлерге азық-түлік бумалары үлестіріліп берілді. Орайы келіп тұрғанда шырайлы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп, өнегелі түрде өтуіне үлес қосқан «Жәйремнің дамуы» Корпоративтік қорының Спорт федерациясы ұжымына, «Нұр» би тобына, дәмді дастархан әзірлеген «Пицца-блюз» ЖШС мамандарына алғыс айта кету ләзім.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

 «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.