Әкім жаңа жобалармен танысты

Соңғы жылдары Қаражал қаласында заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Сәрсенбінің сәтінде қала әкімі Айқын Елеусізов шаһарда тынысы тың серпін беретін бірқатар жаңа жобаларды аралап, олардың құрылысымен танысты.

Құрылғанына 60 жыл болған Қаражал қаласында көненің көзіндей болған ғимараттар аз емес. Қазір соларды жаңғыртып, жаңаша серпін беру жұмыстары да қызу қолға алынып жатыр. Соның бірі – бұрынғы кинотеатр ғимараты. Қазіргі таңда ғимараттың қайта жаңғыртылуы жергілікті кәсіпкердің бастамасымен жеке қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Жасалып жатқан жұмыстар назар аударуға тұрарлық. Бұл маңызды жоба қаланың мәдени өмірін жаңғыртуға және тұрғындарға жоғары сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.

Шаһар басшысының келесі кезекте ат басын тіреген нысаны жабық хоккей алаңы болды. Құрылысының жүріп жатқанына біраз уақыт болған нысан бүгінгі таңда пайдалануға беру сатысында тұр. Қазір мұнда дайындық жұмыстары аяқталып, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілді. «Аталмыш жобаның іске асуы қалада спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға, спорттың бұқаралығын арттыруға, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге септігін тигізеді, сондай-ақ, жастар үшін жақсы мүмкіндіктер ашады», дейді қала әкімі.

Айқын Қылышұлы Станционный шағын ауданында салынып жатқан жаңа мектепте де болды. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды жобалардың бірі саналатын білім ошағы өз кезегінде білім беру саласындағы қажеттіліктерді толықтыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта мектеп ғимаратының іргетасы құйылып, құрылыс жұмыстары жалғасуда.

– Әрбір аталған жоба қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және әлеуметтік ортаның дамуына бағытталған нақты қадам болып табылады. Барлық жұмыстар тұрақты бақылауда ұсталады, олардың орындалуы сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асуы қатаң қадағаланады, – дейді Айқын Елеусізов.