Еліміздің мәдениеті мен өнерін өрге сүйреп, артына өшпес із, өнегелі шәкірт қалдырған тұлғалардың жөні бөлек, жөні ғана емес, жолы да ерек. Осындай сегіз қырлы, бір сырлы, ұлттық өнердің майталманы, мәдениет саласының ардагері – Әбдірәсіл Рақым. Оның жүріп өткен сара жолы – адал еңбектің шыңы, өнерге деген шексіз махаббат пен ұстаздық ұлылықтың жарқын, айнымас үлгісі.
Әбдірәсіл Нығманұлы 1960 жылдың 10 мамырында қасиетті Арқа төсінде, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Ақтау совхозында дүние есігін ашты. Балалық шағы тарихы терең, тағылымы мол, аталы сөз бен баталы уәде үзілмеген қасиетті Байдалы би ауылында өтті. Бір әке, бір шешеден тараған 8 ұл, 2 қыздың арасында еркін өсіп, еркелеп қанат қақты. Өмірдің жазмыш заңдылығымен екі ағасы бақилық болса да, қалған бауырлары бүгінде әр салада ел игілігі үшін абыроймен қызмет етіп, әулеттің мерейін өсіріп келеді.
Оның ата-анасы өз заманының өте сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу адамдары болған. Ол уақытта 4 сынып бітіргендердің өзі мұғалім, завтехник болып, ел басқарып жатқан кезеңде, Әбдірәсіл Нығманұлының әке-шешесі билікке, мансапқа қызықпай, қарапайымдылықты серік етіп, мал шаруашылығымен айналысып, адал тіршілік кешкен нағыз еңбек адамдары еді.
Әкесі өнерден алыс болғанымен, кейіпкеріміздің бойындағы дарынның оянуына, киелі өнердің қыл пернесін басуына нағашы жұрты мен әулеттегі үлкендердің әсері мол болды. Ол өз бетінше домбыра шертетін немере ағасы Қасымның бауырында, соның мейірім толы тәрбиесінде өсті. Ал алғаш рет қолына қасиетті қара домбыраны ұстатып, өнер әлемінің есігін ашқан Әшім есімді ағасы еді.
Жүректегі өнерге деген ұшқынды лаулатып, маздаған жалынға айналдырған сәт – Дружбадағы 10 жылдық мектепте оқып жүргенде болды. Мектепке Әбдіғали Сейтенов есімді білікті маман, өз ісінің хас шебері келіп, балаларға домбыра үйрете бастайды. Ол Әбдірәсіл Нығманұлына Тәттімбеттің «Қосалқасы» мен Дәулеткерейдің сырлы күйлерін үйретті.
Күндердің күнінде мектептегі күй тартатын барлық дарындар қатысқан үлкен байқау ұйымдастырылады. Сол жердегі қатысушылардың ішінде ең жасы Әбдірәсіл болса да, саусақтарынан күй төгілтіп, асқан шеберлік танытып, Бас жүлдені қанжығаға байлайды. Міне, оның өнерге деген өмірлік махаббаты мен үлкен сахнаға бастар даңғыл жолы дәл осы сәттен бастау алған еді.
Арман қуған жас Әбдірәсіл Нығманұлы алғашқы кәсіби білімін Жезқазған музыкалық училищесінде «Домбыра» класы бойынша алды. Кейіннен білімін тереңдету, рухани көкжиегін кеңейту мақсатында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсіп, бес жыл бойы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын оқып шықты.
Алайда тағдырдың жазуымен және жүрек қалауымен бұл мамандық бойынша бірде-бір күн сабақ бермей, өзінің жан дүниесіне жақын, тамыры терең өнер саласында қалып, соған өмірін арнады.
Оның еңбек жолы сан-тарау қызметтермен, мазмұнды белестермен өрілді: туған ауылында мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, 1995 жылдан бастап Қаражал қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі, №1 жалпы білім беретін орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2003 жылы Қарағанды қаласындағы №86 өнер мектебінде домбыра және ансамбль пәнінің оқытушысы қызметтерін атқарды.
2004 жылы Қаражал қаласы әкімінің арнайы шақыртуымен Қаражал қалалық мәдени-сауық орталығының директоры, қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығының орынбасары болды. Ал 2005 жылдан бастап құрметті зейнет демалысына шыққанға дейін Қаражал қаласы Балалар өнер мектебінің басшысы қызметін абыроймен атқарды.
Ол басшылық қызметке келгенде бұл өнер ордасында небәрі 20-ға жуық қана оқушы болса, оның төгілген тері, қажырлы еңбегі мен ұйымдастырушылық қарымының арқасында мектептің мәртебесі өсіп, шәкірттер саны 300-ден асып жығылды. Аспаптық бөлімнен бөлек, бейнелеу өнері, хореография, театр және вокал сыныптары ашылып, қара шаңырақ нағыз таланттар соғылатын алтын ұяға, киелі өнер ордасына айналды.
2018 жылы мектепті Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясының қатарына қосып, 2020 жылы «Ең танымал клуб» номинациясын жеңіп алды. Бұл – ерен еңбектің жемісі еді.
Әбдірәсіл Нығманұлы тек білікті басшы, шебер ұстаз ғана емес, сонымен бірге жан дүниесі нәзік, сезімтал, нұрлы сазды жүрегімен ұғатын сазгер. Ол өмірдің түрлі белестерінде жүректен жарып шыққан 20-дан астам әндер мен күйлердің авторы.

Бастауыш сыныптарға арналған «Әліппе», «Білімнің сара жолдары» әндері, №1 мектептің 50 жылдығына арнап жазылған «Мектеп маршы» (сөзі Қ. Дәулеткерімов), Қаражал қаласының 60 жылдығына арналған «Қаражалым» әндері халықтың жүрегіне жылылық ұялатып, сахна төрінен түспейтін, уақыт сынынан өткен туындыларға айналды.
Оның саналы ғұмыры ұстаздықпен, шәкірт тәрбиелеумен өтті. Зейнетке шыққанша шәкірттерін жетектеп, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Астана, Алматы, Бурабай, Қапшағай қалаларындағы конкурстарға апарып жүрді. Әрі байқауға қатысып, әрі балалардың жазғы демалыста сергіп, дүниетанымы кеңейіп қайтуына жағдай жасау – ұстаздық қамқорлығы мен әкелік мейірімінің айқын көрінісі еді.
Есте қаларлық ерекше оқиғаның бірі – 2014 жылы Бурабайдағы «Балдәурен» орталығында өткен халықаралық конкурста өзі жетекшілік ететін «Сырлы саз» домбырашылар ансамблінің І орынды иеленуі. Сол жерде ақтөбелік ақын Еркін Бақтияровпен танысып, оның жауһар жырларына ән шығарды.
2017 жылы сол «Балдәурен» әнінің тұсаукесері өткенде ұйымдастырушылардың ризашылығы соншалық, Әбдірәсіл Нығманұлының 10 оқушысына лагерьде тегін демалуға жолдама сыйлады. Бұл – өнердің өнерді тапқан, бағалаған сәті еді.
2012 жылдан бастап оның шәкірттері барған жерінен Гран-присіз қайтпайтын деңгейге жетті. 2012 жылы «Сәлем, Астана!» конкурсында І орын, 2014 жылы Алматы қаласындағы байқауда Бас жүлде, 2019 жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен «Берега надежды» халықаралық байқауында «Сырлы саз» ансамблі үлкен жеңіске жетті.
Омбыдағы қазақ диаспорасы оларды ғаламтор арқылы танып, ат арытып келген өнерпаздарды зор құрметпен, ыстық ықыласпен күтіп алған еді.
Ел үшін еткен еңбек, төгілген тер ешқашан елеусіз қалмайды. Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бастамасымен Әбдірәсіл Нығманұлының ғибратты есімі мен өнегелі өнер жолы «Қазақстанның алтын кітабына» алтын әріптермен жазылды.
Оның омырауында жарқыраған марапаттар шоғыры – сіңірген еңбегінің, маңдай терінің айғағы. Атап айтқанда, ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Халық алғысы» медалі, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қаражал қаласына 60 жыл» мерекелік медалі, халықаралық деңгейдегі шәкірттер дайындағаны үшін «За заслуги в искусстве» медалі, «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалі, ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы мен Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаты бар.
Өмірде де, өнерде де үлкен жетістікке жеткен Әбдірәсіл Нығманұлы бүгінде үлгілі отбасының берік тірегі, балалары үшін асқар таудай әке. Жары Бақытгүл ханыммен бірге үш перзент тәрбиелеп, бүгінде Жәннат есімді немеренің сүйікті атасы мен әжесі атанып отыр.
Балалары өнер жолын тікелей қумаса да, барлығының жүрегі өнерге жақын. Үлкен ұлы Құрманғазы – құқық қорғау саласының айбынды қызметкері, полиция майоры. Өзі тұйықтау болғанымен, әкесі үйреткен «Yamaha» аспабында және гитарада тамаша ойнайды. Қызы Зәрузат – Қарағанды қаласындағы белгілі журналист әрі әсем ән айтатын өнер иесі.
Кіші ұлы Исмаил – өнер мектебінің түлегі, фортепиано сыныбын бітіріп, домбыра мен пианинодан талай байқауда топ жарған дарынды жас.
Бүгінде ол Қаражал қалалық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға жөн сілтеп, жол көрсетіп отырған парасатты ел ағасы.
Әбдірәсіл Нығманұлының кейінгі толқын жастарға айтар ақылы мен аманаты әрбір қазақтың жүрегінде жатталуы тиіс:
«Қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттау керек. Домбыра – жай ғана аспап емес, ол – киелі дүние, ұлттың тарихы, шежіресі әрі ұлттық санасы. Күй тартқанда оның шығу тарихын, авторын жете біліп, сезініп орындау – әрбір өнерпаздың парызы».
Өнер деп аталатын киелі әлемнің дарабозы, мәдениеттің майталманы Әбдірәсіл Нығманұлына деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылық ұзақ ғұмыр тілейміз. Оның салған сара жолы мен артына қалдырған өшпес мұрасы өскелең ұрпаққа әрқашан темірқазық әрі жарық шамшырақ болары хақ.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
