Кезекті сессия мазмұнды өтті

Қаражал қалалық әкімдігінде қалалық мәслихаттың VII сессиясы өтті. Қаражал қалалық мәслихаттың төрағасы Зәмзагүл Оспанова жүргізген сессияға мәслихат депутаттары, мекеме басшылары қатысты.

VII сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша алғашқы кезекте Қаражал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ақжол Құрмансейіт өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебін баяндап, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту, білім саласы, мәдениет саласы, денсаулық сақтау, тұрғын үй және апатты тұрғын үйді бұзу, спорт нысандарын салу, ТКШ саласы, су мәселесі, жылу мәселесі, жолдар, халықтың қауіпсіздігі тақырыптарға тоқталды.
Келесі кезекте «Қаражал қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ бастығы Нұрсұлтан Саутбаев Қаражал-Жәйрем өңірінде 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы есеп берді. Баяндама мазмұнынан Қаражал-Жәйрем өңірінде 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы қанағаттанарлық деп танылды. Жылу беру маусымына арналған есептен кейін Қаражал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ақжол Құрмансейітке аймақ тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету мәселесі бойынша тиісті шаралар қабылдау және 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жіті бақылауда ұстау тапсырылды.
«Қаражал қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ бастығы Нұрсұлтан Саутбаевқа 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жандандыру, жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын талқылау барысында анықталған кемшіліктер бойынша қосымша шаралар қабылдау, жылу беру маусымы басталғанға дейін қалалық ауруханалар мен білім беру нысандарын толығымен іске қосылуын қамтамасыз ету, қазан айының он бесіне дейін әлеуметтік мәдени нысандар мен көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беруді қамтамасыз ету, әлеуметтік мәдени нысандарға көмірдің уақытылы жеткізілуін жіті қадағалау тәрізді бірқатар міндеттер тапсырылды.
Халықты дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту, спорттық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстардың барысы туралы баяндама жасаған «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ бас маманы Наталья Пакқа спорттың жаңа түрлерін дамыту үшін білікті дене шынықтыру спорт мамандарын шақыру мүмкіндігін қарастыру, халықтың түрлі жастағы және әлеуметтік осал топтарын қамти отыра, қалалық кешендік спартакиадалар жүргізу мүмкіндігін қарастыру, ересек тұрғындар арасында бұқаралық спортты насихаттау міндеттелді.
Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы Тілеш Аштаевтың «Қаражал қаласының 2022 жылғы 18 тамыздағы №148 «Аймақтағы білім беру саласының жағдайы және оны болашақта дамыту туралы шешімінің орындалу барысы» атты баяндамасы тыңдалып, қалалық мәслихат депутаттары білім басшысына бірнеше сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.
Өте мазмұнды және тақырыпқа сай татымды өткен сессияда сонымен қатар, Қаражал қаласы бойынша 2023 жылға кономиниум объектісін басқаруға және кономиниум объектісінің ортақ мүлкін күтіп ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшерін бекіту туралы, Қаражал қаласында бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы, Қаражал қаласы әкімдігінің жанындағы қылмыстық жазаны және қылмыстық құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультациялық кеңесші органның құрамын бекіту туралы мәселелер қозғалды.
Сессия соңында қалалық мәслихаттың кезекті сессиясының редакциялық комиссиясы сайланып, қалалық мәслихат депутаттарына Қаражал қаласының 60 жылдығынан естелік сыйлықтар табысталды.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық
мәслихаттың депутаты.