Қала әкімдігінде қаланың қоғамдық кеңесі мен қалалық мәслихат депутаттарының бірлескен отырысы өтті. Алқалы жиынға өңір басшысы Тілектес ДОСАЕВ қатысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық кешенді даму жоспарымен таныстырды.
Қала басшысы кешенді жоспар аясында алдағы жылдары атқарылуы межеленген жұмыстар ауқымы туралы кең мазмұнды әңгіме өрбітіп, көзделген іс-әрекеттердің әрқайсына дербес сипаттама берді. Олардан күтілетін оң нәтижелерді атап өтті.
Бұдан кейін күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасарлары Досбол Құлымбетов пен Ақжол Құрмансейітов кешенді жоспар аясында өздері жетекшілік жасап, қызметін үйлестіретін салалық бағыттар бойынша жүргізілетін жұмыстарға қатысты егжей-тегжейлі баяндады. Тиісінше, жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Жиын барысында қалалық қоғамдық кеңес мүшелері кешенді жоспардың тиянақты әзірленгенін атап өтіп, атқарылатын жұмыстарға қоғамдық бақылау жүргізуге белсене қатысуға мүдделі екендерін мәлімдеді.
Отырысты қорытындылаған Тілектес Темірбекұлы қатысушыларға ортақ мүдделі істе сәттілік тіледі.
Өз тілшімізден.