Кент мерейтойы — жасампаздық айғағы

Қойнауы құт, қазынаға бай, халқы жомарт Жәйремнің жарты ғасырлық мерейтойы бірімен-бірі жарыса өз киіз үйлерін тігіп, алыстан ақ тілеумен асыға жеткен ағайынға есіктерін айқара ашып, дастарқандарын дархан пейілмен жая білген, сонымен қатар, туған жердің мерейлі қуанышы құрметіне ұйымдастырылған ұлттық ойындар сайысына жомарттықпен демеушілік жасаған жергілікті жұртшылықтың арқасында өте жоғары деңгейде өтті. Мерейлі той меймандарының қатарында Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, облыстық мәслихаттың хатшысы Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ және «Казцинк» ЖШС Кәсіподақ ұйымының төрағасы Сергей СОЛДАТОВ болды.

Осыдан жарты ғасыр бұрын Бүкілодақтық комсомол-жастардың екпінді құрылысы ретінде жарияланып, кенттің құрылыс жұмыстарын жүргізуге Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен комсомолдық жолдамамен молдован, қырғыз, орыс, украин, армян және басқа да көптеген ұлттардың өкілдері ағыла келіп, Жәйремнің өндірісі өркендеп, өндірілген кені шетел асып, атағы әлемге жайылғаны белгілі. Даңқы дүркіреген кентті сонау тоқсаныншы жылдардың тоқырауы айналып өттпегені тағы мәлім.

Сан қилы жағдайды басынан өткерген Жәйрем бүгінгі күн күн санап, көркейіп келеді. Әлеуметтік жағдайына жергілікті жалғыз өндіріс ошағы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ ерекше көңіл бөліп отыр. Халқы жұмыспен толықтай қамтамасыз етіліп, еңбекақылары уақытылы берілуде. Қысқасы, жағдайы жақсы, көңілі тоқ халықтың туған жер мерейтойын дүркірете тойлауына еш кедергі болмағаны айтпаса да, түсінікті. Мерейтойдың негізгі бөлімі кент іргесіндегі «Бәйгетөбе» алаңынан бастау алды. Бір күн бұрын сол жерде Жәйрем мектептерінің әр жылғы түлектері бірлесе құрған 29 ақшаңқан киіз үйлер тізбектеле бой көтерді.

Таңсәріден ұлттық ойын түрлерінен өткізілетін сайыстарға қатысу үшін жан-жақтан арнайы келген спортшыларды тіркеу, бәсекеге түсуге бел буғандардың салмақтарын өлшеу секілді ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті.

Іле-шала арнайы құрылған сахнада мерекенің ашылу салтанаты өткізіліп, Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті көркемөнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. Сол мезетте қиқуға қиқу қосып, жанкүйердің делебесін қоздырған көкпар тартысы басталды. Кейінгі кезде жастардың қызығушылығы артып, ерекше ден қойып жүрген ұлттың бірегей ойынына Нұр-Сұлтан, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Қаражал қалаларынан, Жаңаарқа ауданының орталығы мен сол ауданға қарасты Ақтау, Ескене, Ақтүбек, Түгіскен ауылдарынан, Қаражал қаласының Ақтай ауылынан келген жаужүрек жігіттер, сондай-ақ, жәйремік көкпаршылар қатысты.

Ерекше ептілікті, шапшаңдық пен білек күшін талап ететін тартыс жүлдесі – 1990 жылы туылған жәйремдік азаматтар тіккен 2 автокөліктің біреуі – Қаражал қаласының көкпаршысы Ерзат Асановқа, екіншісі жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылының көкпаршысы Бекзат Серіковке, умра қажылығына жолдама тағы да Ақтау ауылыныңкөкпаршысы Ербол Шалғынбаевқа бұйырды. Қалған жүлдені көкпаршылар салған салым сандарына қарай, өзара бөлісіп алды.

Әртүрлі салмақта 91 балуан қатысқан қазақ күресінен 45 келі салмақта Әжібек Ыдырыс І орынды иеленіп, «Казцинк» компаниясы тіккен мотоциклды алса, ІІ орынды жаңаарқалық Сұңқар Серіков (қаржылай сыйлық), ІІІ орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген палуан Диас Ерсаян (қаржылай сыйлық) иеленді. 60 келі салмақта І орынды Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылынан келген Нариман Тұтқышев (мотоцикл), ІІ орынды алматылық Марат Нығматулаев (қаржылай сыйлық), ІІІ орынды өзіміздің жерлесіміз Нұрбек Бөлтірік (қаржылай сыйлық) жеңіп алды.

70 келі салмақта І орынды өзіміздің жәйремдіктердің мақтанышы Ұлан Наукенов (мотоцикл), ІІ орынды Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылынан келген балуан Дастан Жұмажанов (тай), ІІІ орынды Қарағанды қаласының үкілі үміті Ержанат Уәли (қаржылай сыйлық) жеңіп алды.

Ал 80 келі салмақта І орынға таласқан бәсекелестерін қирата жеңіп, «Казцинк» компаниясы тіккен автокөлікті жерлесіміз Алмаз Мақажанов иеленді. Ал ІІ орынға Жаңаарқа ауданынан келген Айдос Ғалымов (тай), ІІІ орынға Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінің тұрғыны Тәңірберген Тергеубек қол жеткізді.

Түйе балуан сынында Іорын жүлдесін жаңаарқалық белгілі балуан Асыл Бәрменов (мотоцикл) жеңіп алды. ІІ орынды Алматыдан келген Әбдіғазы Сахан (тай), ІІІ орынды Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылынан келген Ақжігіт Оралов (қаржылай сыйлық) иеленді.

Ұлттық ойындардың тағы бір қызық түрі – өгіз көтеру сыны. Бұл сайыста топты жарып, І орынға жәйремдік азамат Рахат Ханафин шықса, ІІ орынды Ұлытау облысы, Жезқазған қаласынан келген келген Бауыржан Жезболатов, ал ІІІ орынды Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылынан келген Досбол Сайлаубаев иеленді.

Үлкендердің де, жастардың да, сонымен қатар, нәзіжандылардың да қызыға ойнайтын ұлттық ойындардың бірі – қол күресі. Жәйрем кентінің 1981 жылы туған жігіттері демеушілік жасаған бұл ойын да өте тартысты өтті. Қол күресінен екі дүркін әлем чемпионы, алматылық Ілияс Орманқұлов бастаған танымал споршылар да осы ойынның төрінен орын алды. Осынау бәсекелі сынды ұйымдастырушы – Жәйремде өз күшімен жаттығу залын салып, жасөспірімдерді баулып жүрген Алмаз Оспанов.

Дүбірі мол тай жарысында І орынды Жаңаарқа ауданы,Ескене ауылынан келген Лаула Матаева қосқан «Қуаныш» (мотоцикл), ІІ орынды Шет ауданы, Нұраталды ауылынан келген Мәди Махаттың тайы «Кершабақ» (мотоцикл), ІІІ орынды тағы да Ескене ауылынан келген Алшынбаевтар әулетінің тайы «Алтынай» (қаржылай сыйлық) иеленді.

Құнан жарыста І орынды Шет ауданы, Айғыржал ауылынан келген Қайыржан Әшірбековтің сәйгүлігі «Ерқасқа» (мотоцикл), ІІ орынды түгіскендік Қайрат Көпбаевтың құнаны «Ақбота» (мотоцикл), ІІІ орынды Шет ауданы, Босаға ауылынан келген Дүйсен Егізовтің құнаны «Ақмоншақ» (қаржылай сыйлық) жеңіп алды.

Аламан бәйгеде І орынды Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Құрылыс ауылынан келген Төлеубек Ермағанбетовтың тұлпары «Вертолет» иеленіп, жүлдеге «Казцинк» компаниясы тіккен екінші автокөліктің иегері атанды. ІІ орынды Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ынтымақ ауылынан келген Нұржан Жұрыновтың аты «Әлия» (мотоцикл), ІІІ орынды жезқазғандық Ержан Нәлібаевтың аты «Көкдауыл» (мотоцикл), IV орынды Қарағанды облысы, Шет ауданы, Өспен ауылынан келген Ғалым Текеновтың аты «Ғаламат» (қаржылай сыйлық), V орынды Павлодар облысы,Баянауыл ауылынан келген Сәкен Кәрімовтың аты «Тасжирен» (қаржылай сыйлық) алды. Демеушілер қатарында Еркін Шайхин, Жанай Серіков, Айдархан Жұмашев бастаған жергілікті азаматтарды айрықша атап өткен жөн.

***

Мерейтой кешкілік мерекелік салтанатты кешпен жалғасын тауып, елдің осынау қуанышын бөлісу мақсатымен арнайы арнайы келген Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, «Казцинк» ЖШС Кәсіподақ ұйымының төрағасы Сергей Солдатов және «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Сергей Бартош жәйремдіктерге шын жүректен шыққан құттықтауларын жеткізді.

Мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне демеушілік жасаған жомарт пейілді жандарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Той бағдарламасы Ұлытау облыстық Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның «Жезкиік» вокалды-аспапты ансамблі мен қазақ эстрадасының жұлдызы Маржан Арапбаеваның мерекелік концертіне ұласты.

Жергілікті жұртшылық пен той қонақтары Жәйремнің түнгі аспанын жарқырай «тілгілеген» отшашуды қызыға тамашалады.

Сөз түйінінде кенттің жарты ғасырлық мерейтойы жәйремдіктердің ортақ мүдделі істе «бір жағадан – жең, бір жеңнен – қол» шығара білетіндерін айғақтап бергенін айрықша атап өткен жөн.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.