Ағымдағы жылдың 15-қарашасында облыстың барлық колледждерінде «Жұмыс берушілер күні» атап өтілді. Бұл шарадан Қаражал тау-кен техникалық колледжі де қалыс қалмады. Студенттердің болашағына бейжай қарамайтын ұйымдастырушылар болашақта түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша ынтымақтастықты дамыту және жұмыс берушілер мен кадрлар даярлау сапасын арттыру мақсатында білек сыбана кірісіп, іс-шараның барынша айқын, әрі түсінікті өтуіне белсене атсалысты.
Шара барысында студенттермен кездесуге арнайы шақырлған Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейітов болашақ түлектерге өңірдің дамуы жайлы сөз қозғап, келешекте әлі де жаңа кәсіпорындар ашылатыны туралы айтты.
Аталмыш шараға сондай-ақ «Өркен» ЖШС бас инженері Ерлан Мақаев пен кадрлар даярлау бөлімінің инспекторы Юлия Алиева және Қаражал қаласының жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Гүлнар Сағынтаева шақырылған болатын. Шара барысында «Өркен» ЖШС бас инженері Ерлан Мақаев студенттерге «Өркен» ЖШС-ның келешектегі дамуы жайлы, алдағы уақытта ашылатын мамандықтар, жас мамандарға көрсетілетін көмек жайлы айтса, жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Гүлнар Сағынтаева да түлектерге арналған мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде, «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орыны» секілді бағдарламалар жайлы толыққанды ақпараттар берді.
Іс-шара соңында әлеуметтік серіктестерге колледж ішінде экскурсия жасалып, қатысушылар назарына «Өркен» ЖШС жайлы ақпараттық видео-бағдарлама ұсынылды.
Балшырын АМАНТАЙ