Атакәсіпке бетбұрыс бар

Қаражал-Жәйрем өңірі өндіріске бейімделген аймақ. Сондықтан да болар мұнда ауыл шаруашылығы облысымыздың өзге жерлеріне қарағанда кенже қалып келеді. Оған өңірде шабындық жерлердің, жайылымдардың тапшылығы да себеп болуда…

Соған қарамастан ата кәсіпке ден қойғандардың қатары соңғы кезде көбейіп келеді. Тендерлерге қатысып, жер алып, мал басын өсіріп жатқан, малдарын асылдандырып, алынатын өнімді молайтуға ниет етіп жатқандар да баршылық. Соның нәтижесінде өткен 10 айдың қорытындысы бойынша аймақтағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,7 млрд. теңгені құрады.

– Бүгінгі күні өңірімізде ірі қара малының саны – 10,3 мың басты, ұсақ малдардың саны – 9,3 мың басты, жылқы саны – 9,9 мың басты құрап отыр. Сонымен қатар, қолдарындағы малдарын асылдандыруға ынта танытып отырған шаруа қожалық иелері де аз емес. Атап айтқанда аймақтың 8 шаруашылығында асыл тұқымды 637 бас аналық ірі қара мал бар. Жалпы, өңірімізде ауыл шаруашылығы малдарын асылдандыруға қатысатын ірі-қара малдардың үлесі 9,6 процентті құрайды, – дейді Қаражал қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Сатанов.

Бөлім басшысының айтуынша қазір өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға негізделген мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі қолдауларды пайдалануға ниетті шаруа қожалықтарының қатары артып келетін сыңайлы. Биылдың өзінде «Агрокредиттік корпорция» АҚ арқылы «Кенсаз» шаруа қожалығы 150 бас асыл тұқымды ақбас сиыры мен шаруашылыққа қажетті 2 тракторды қосалқы тіркемелерімен сатып алған.

– Аймағымыздағы шаруа қожалық иелері осылайша қарамағындағы малдарын ғана асылдандырып қоймай, техникалық парктерін де жаңғыртып жатыр. Бұл өңір жұртшылығының келешекке деген сенімдерінің артқандығын көрсетеді, – дейді Марат Рахымжанұлы.

Таяуда ғана қабылданған Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарында Қаражал-Жәйрем өңірінде ауыл шаруашылығын дамыту мен осы салаға қажетті жер телімдерін қайра қарау мәселесі де қарастырылған.

Бұл дегеніміз өңірде ата кәсіптің бұрынғыдан да арта түсуіне негіз болар үлкен мүмкіндік. Ал оны асыға күтіп жүрген шаруа қожалық иелері мен кәсіпке бет бұрған жандар аймақта аз емес.