Келелі кеңес ортасы

Ағымдағы жылдың 28 сәуірінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Жиынды кеңес төрағасы Арынғазы Тәкібаев ашып, кеңестің күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Отырысқа Қаражал қаласының мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері, Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов, бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.   

 

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Елді мекендерді көркейту» бюджеттік бағдарламасының орындалуы бойынша Қаражал қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауытбаев баяндама жасады.

Келесі мәселе «Елді мекендерді көркейту», «Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру», «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету», «Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру» бюджеттік бағдарламаларының орындалуы бойынша Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов баяндамасында тәптіштеп түсіндірді.

Сондай-ақ, күн тәртібіндегі соңғы қаралатын мәселе «Ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамыту» бюджеттік бағдарламасының орындалуы бойынша Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Гүлнұр Сатанова атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Кеңес мүшелері қаралған мәселелерді талқылай отырып, өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Атап айтқанда, аймағымызды абаттандыру мен көркейту мәселесіне көбірек тоқталып, бірнеше сұрақтар қойылды. Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшесі Сексен Сүлейменов ұлттық ойындар жөнінде, яғни, көкпар ұлттық ойынының дамуына тереңірек мән берілсе екен деген ұсынысын жеткізді.

Кеңес жұмысын кеңес төрағасы Арынғазы Тәкібаев қорытындылап, айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті басшылық орындарға ұсынылатынын және орындалуы бақылауда болатынын білдірді.