Әке ісін жалғастырушы

Тоқсаныншы жылдары басталған дүрмек Қаражал өңірін де айналып өтпеді. Күні кеше айдарынан жел есіп тұрған өндіріс орындарының шаңырағы шайқала бастады. Тіпті шахталар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Ел іргедегі Қарағанды мен Жезқазған қалаларына қоныс аудара бастады. Өңірде ұлы көш басталды…

Міне, сол алмағайып тұста кешегі шахтер Әлимұраттың отбасы да дүдамал күй кешті. Кеніштегі жұмыс ырғағы бұзылған. Айлық бірде бар, бірде жоқ. Бар айлықтың өзі шайлықтан аспайды. Кеше бірге жұмыс істеп жүрген шахтерлардың кейбірі қалаға бет алды. Әлимұрат болса даланы көздеді. Ондағы ойы қолындағы жиырма шақты ұсақ малдары мен бес-алты сиырын, оншақты жылқысын бағып, кәсіп етпек. Дәл осы кезде елде шаруа қожалықтары құрылып, тың салаға бет бұрылып жатқан. Әлекең де отбасымен Қаражалдан жиырма шақырымдай жердегі «Болат қожа» жайлауына барып қоныстанды. Жай бара салған жоқ әрине. Осы жерді иелігіне жалға алып, құжаттарын рәсімдеді. Оған балалары да қолдау білдірді. Бұл кезде ұлы Талғат бастаған балалары ержетіп қалған еді.

– Содан бері де жиырма жылдан астам уақыт өтіп кетіпті. Ол кезде әкей тың, күш қуаты өзінде еді. Шаруаны бірден дөңгелетіп әкеттік. Дөңгелетпейтін несі бар, ата кәсібіміз емес пе. Қалада тұрдық дегенімізбен қорамыздан төрт түліктің үшеуі еш ажыраған емес. Түйеміз ғана болмады. Басқасы бар еді. Шешем Дина Жолдыбекқызы сиыр сауып құрт-майын, бие сауып қымызын үзбейтін. Онысын кейін қыздарына, келіндеріне де үйретті. Сөйтіп, ел балапан басына, тұрымтай тұсына күй кешкенде біз ата кәсіпті дөңгелетіп, нәпақамызды таптық, – деп еске алады бүгінде Талғат Әлимұратұлы.

Тәкеңнің айтуынша шаруа қожалығын кұрған әкесі алғашқы екі үш жылдай «Болат қожа» жайлауында жаз мезгілінде ғана тұрып, қыста Қаражалға көшіп келіп отырған. Бұл шаруаның мал басын өсіруге онша қолайлы бола қоймайтынын түсініп, кейін осы өңірде үй салып, қора-қопсы тұрғызған.

Қазір әке ісін ұлы Талғат ұршықша үйіріп отыр. Осы жиырма жылға жуық уақыт ішінде мал басы да едәуір өсіп, іргелі шаруашылыққа айналыпты.

– Бүгінде мал өсіремін, ата кәсіппен айналысамын деген жанға Үкімет мүмкіндігінше қолдау көрсетіп жатыр ғой. Біз алғаш қожалық құрғанда мұндай мүмкіндіктердің бірі де жоқ еді. Тек әкенің тәжірибесі мен біздің оны қолдауымыз ғана осы жағдайға жеткізді. Шүкір, әкеміздің ісін үзбей, атына кір келтірмей жұмыс істеп жатырмыз. Кеше мен және маған тетелестер әкеме жірдемші болса, бүгінде менің інілерім мен балаларым маған көмекші. Осылайша отбасы болып бір үлкен шаруашылықты жүргізіп жатырмыз, – деп марқаяда Талғат бізбен әңгімесінде.

Әрине, ата кәсіпті дамытуда қолбайлау болып отырған мәселелер де жоқ емес сыңайлы. Әсіресе жайылымдық жердің тапшылығы мал басын өсіруге кедергі келтіруде. Шабындық жер де жоқтың қасы. Алайда қолда бар жерден шабылған шөпті шашау шыңармай жинап алып отырмыз дейді Талғат. Бұл жұмысқа қажетті техникаларды да сатып алып, паркін жаңғыртып жатыр екен.

– Отбасылық бизнес дегенімізбен мал бағатын адамдар қажет-ақ. Әсіресе қыстың күндері. Жазда балалар мектептен бос болып, малға қарайласады ғой. Ал қыста адам күші қажет. Малшы дегеніңіз қазір жарық күнде шам алып іздесеңізде таптырмайды. «Барлық мүмкіндікті жасаймын, айлығыңды беремін, киім-кешек, тамақ-ас, жатар орыннан кенде болмайсың» десек те келісім бермейді. Қазір екі адамды ұстап, жұмыспен қамтып отырмыз. Алайда, сиыр сауатын, жылқы сауатын адамдар жоқ. Сүт және сүт өнімдерін, қымызды саудаға шығаруға мүмкіндік болмай отыр. Мал өнімінен тек ет қана қанаттас жатқан қалаларға жәрмеңкеге шығады. Келешекте мал өнімдерінің барлық түрлерін айналымға шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді қожалық иесі.

«Мал – баққанға бітеді» дейді дана қазақ. Талғат Әлиев сияқты әке ісіне адал, ата кәсіпке жанашыр жандар көп болса еліміздің жетекші саласы да жанданары анық. Келешекте олардың қатары көбейер деген үмітіміз де зор… Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні Қаражал-Жәйрем өңірі өндіріске бейімделген аймақ. Сондықтан да болар мұнда ауыл шаруашылығы облысымыздың өзге жерлеріне қарағанда кенже қалып келеді. Оған өңірде шабындық жерлердің, жайылымдардың тапшылығы да себеп болуда…

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.