«Күз ханшайымы»

12 қазан күні Қаражал қаласының орталықтандырылған балалар кітапханасында «Күз ханшайымы» сайысы өтті. Мақсаты — күз туралы балалардың дүниетанымдарын арттыру, күз мезгілінің қоршаған ортаға әсерін таныту, күз ерекшеліктерін, ата салтын ардақтайтын, өз елін сүйетін нағыз қазақ қызының қасиеттерін бойына сіңіре білер ұрпақты тәрбиелеумен қоса, күз сыйын ұғындыра отырып қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау.

Сайыс басталмас бұрын жүргізуші келген қонақтарды және қазылар алқасын, катысушыларды сайыстың 5 кезеңімен таныстырып өтті.
1 кезең — «Кел, танысайық» өзін-өзі таныстыру;
2 кезең — «Өнерлі бала өрге жүзер» өз өнерін көрсету;
3 кезең — «Бар ізгілік тек білімнен алынар» сұрақ-жауап;
4 кезең — «Күз ханшайымы» сән үлгісін көрсету;
5 кезең — » Күзгі кереметтер» көрнекіліктерден қолөнер көрсету.
Бүгінгі мерекелік іс-шараға қатысушылардың өнерлерін тамашалап, әділ бағаларын беру үшін қазылар алқасы тағайындалды. Әрі қарай сайыс өз жалғасын тауып, 1 кезең бойынша әр қатысушы өздерін таныстырып, 2 кезең «Өнерлі бала өрге жүзер» сайысында кішкентай ханшайымдар әсем ән шырқап, күй тартып, сонымен қатар қазақ, испан, түрік, үнді билерін билеп, енді бірі гимнастикалық билерімен көрермендерді тәнті етті. 3 кезеңде қатысушылар өздерінің білімдерін көрсетіп сұрақтарға жарыса жауап берді. 4 кезең «Күз ханшайымы» яғни, сән үлгісін көрсету болатын. Қатысушы арулары әртүрлі материалдан: күзгі сары жапырақтардан, пакеттерден, салфеткадан, гүлдің күлтелерінен өздеріне сәндік көйлек тігіп, дефиле көрсетіп, көрермендерді өздеріне қаратты. Сайыстың соңғы кезеңінде ханшайымдар өздерінің үйден жасап алып келген «Күзгі кереметтер» қол өнерлерімен таныстырып, өздерінің жан-жақты екендерін көрсете білді.
Бүгінгі мерекелік іс-шараға арнайы қонақ болып кішкентай бүлдіршін №3 ЖББОМ 1 сынып оқушысы Аяла «Үнді» биімен құттықтап келді.
Сайыстың қорытындысын шығару үшін орталықтандырылған балалар кітапханасының меңгерушісі Мереке Ибраеваға сөз беріліп, әділқазылар алқасының шешімімен критерий бойынша ұпай сандарын санап, мынадай қорытынды жасады. I орынды Аманғазы Асылназ иеленді. II орын Қуанышева Сабинаға бұйырса, III орынды Бөлеген Ақбаян қанжығалады.
Және қалған 4 катысушы ханшайымдар Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Шырын Тұрабай,
балалар кітапханасының
кітапханашысы.