КӨШЕСІЗ КӨНЕ АСТАНАМЫЗДА Көк байрағымыз желбіреді

Сәрсенбінің сәтінде, қазақтың көшесіз көне астанасы, ұлт ұясы атанған – Ұлытауда мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Бұл тұтас облысымыздың мерейін үстем ететін, төрткіл дүниенің туристерін өңірге тартатын, ұрпақтар қастер тұтатын нысан болады деп отыр өңір басшысы.

Баршаға мәлім, Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысы осы Ұлытау өңірінде өткенде Мемлекет басшысы Ұлытау ауданындағы Әулиетаудың етегінде «Мемлекеттік рәміздер алаңы» кешенін ашуға тапсырма берген еді. Міне, Президентіміздің осы тапсырмасы бүгінде жүзеге асырылды. Үш жүздің басын қосқан қарт Ұлытаудың бөктерінде, Әулитаудың етегінде «менмұндалаған» әсем алаң ашылды. Оның лентасы еліміздің басты мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында қиылды.
«Мемлекеттік рәміздер алаңы» кешенінің жалпы аумағы үш гектарды алып жатыр. Кешенде биіктігі 22 метр болатын Мемлекеттік Ту, тұғыртаста Елтаңба, Әнұран бейнеленсе, «Тәуелсіз Қазақстан», «Қазақ хандығы», «Түрік Қағанаты», «Алтын Орда» барельефті және 99 рудың белгісі қашалған «Таңбалы тас» орнатылған.
Кешеннің ашылу салтанатына қатысқан Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы алаңның ұлт деңгейіндегі маңызына тоқталды.
– Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылы Ұлттық Құрылтайдың алғашқы отырысы біздің облыста өтті, алқалы жиында Ел Президенті қасиетті өңірдегі арнайы орында көк байрағымыздың желбіреп тұруын тапсырған болатын. Маңызды жобаның құрылысы былтыр күзде басталып, ұдайы қадағалауда болды. Бүгін міне, мереке қарсаңында ашылып отыр. Рәміздер алаңы ұрпақ қастер тұтатын орынға айналсын, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Іс-шараға облыстық сот төрағасы, қала-аудан әкімдері, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, төтенше жағдайлар, қорғаныс саласының қызметкерлері арнайы қатысты.
Орайы келгенде айта кетейік, Рәміздер алаңының скульпторы – елімізге белгілі суретші-монументші Ғазиз Ешкенов. Жоба авторының айтуынша, бұл – «Таңбалы тас» орнатылған еліміздегі тұңғыш алаң.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ